Түркістандық ұстаз химия пәнін оқытудың ерекше әдісін қолданады

Келес ауданындағы №4 Ж.Баласағұн атындағы жалпы орта мектебінің мұғалімі химияны кестелеп оқыту әдісімен сабақ береді. Ауыл ұстазы Нұрболат Бекқұлов – химия пәнінің мұғалімі, педагог-зерттеуші.

– Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында химия пәнін кесте түрінде ықшамдап жасап шықтық. Бұл пәнді оқытудағы қиын тақырыптарды оқушылардың меңгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, шәкірттердің пәнге қызығушылығын, ізденімпаздығын арттырып, қабілеттерін жетілдіре түседі. Әрі кесте арқылы оқыту – уақытты үнемдеу және оқушыларды үнемі жаттықтыру арқылы жаңа тақырыпты тез игеруге жол ашады. Әдістемелік көмекші құралда тақырыптарды кестелермен бір жүйеге келтірудегі мақсат – оқушылардың есте сақтау қабілетін арттыру, – дейді химия пәнінің мұғалімі.

Оқушылары облыстық олимпиадаларда топ жарып жүрген ұстаз 10 жылдан аса уақыттан бері білім саласында еңбек етеді. Ол қолданатын оқу әдісінде «Химия пәнін кесте түрінде оқыту» атты әдістемелік құралда әр тақырып бір кестеге ықшамдалып берілген. Жалпы 77 кестені қамтитын оқу құралы 2 бөлімнен тұрады. Білікті ұстаз қазіргі таңда химиядан жаттығулар мен есептер жиынтығын құрастыруда. Онда түрлі деңгейдегі 150 тапсырма қамту жоспарланған. Алдағы уақытта бұл жинақ химияға қызығушылық танытқан жастарға көмекші құрал ретінде қолданылмақ.

ПІКІР ЖАЗУ