Түркістандық боксшы қыздар ел чемпионатында 9 медаль олжалады

Астана қаласында бокстан 2006-2007 жылғы туған жастар мен 2008-2009 жылғы туған жасөспірім қыздар арасында кезекті Қазақстан Республикасының чемпионаты аяқталды. Шаршы алаңға республикамыз бойынша 230 жас боксшы қатысып, шеберліктерін шыңдады.

Түркістан облысының талантты бұрымдылары 6 алтын, 3 қола медальді қанжығалап, толағай табысқа жетті. Шаршы алаңда жарқын жеңістерге жеткен Түркістан облысының спортшылары арасында 46 келі салмақта жасындай жарқылдаған Айым Танқыбаева мен 52 келі салмақта бағы жанған Бағжан Отынбай жеңімпаз атанды. Бұдан басқа алтын медаль иеленгендер арасында 54 келі салмақтағы Лия Абдуллаева мен 60 келіде қарсыластарын тізе бүктірген түркістандық Нұрай Күнгебай бас жүлдені қанжығасына байлап қайтты. Жұдырықтасуда өзіндік тәсілі бар жерлесіміз 63 келідегі Аружан Жанабаева, 75 келіде атой салған Шұғыла Нәлібай да жеңістің шыңын бағындырды.

Ел чемпионатында 50 келіде Әсем Мұратова, 52 келіде Жадыра Қалтай, 66 келіде Ақерке Аймахан қола жүлде еншіледі. Рингте тамаша өнер көрсетіп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген Түркістан облысының дарынды боксшысы, 46 келі салмақта облыс намысын қорғаған Айым Танқыбаева «Үздік  спортшы» номинациясының иегері  атанды.

Ел чемпионатында топ жарған арулар білікті басшы Сейітжан Жанысбаев басқаратын облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің талантты шәкірттері екенін айта өткеніміз жөн. Сондай-ақ жуырда ғана ашылған Түркістан облыстық кәсіпқой бокс клубының да спортшылары бар. Еске сала кетейік, облыстық кәсіпқой бокс клубына талай әлемдік додаларда өнер көрсетіп, тәуелсіз Қазақстанның мерейін үстеп еткен дарынды боксшы Қайрат Ералиев жетекшілік етеді.

ПІКІР ЖАЗУ