Түркістандық балуан Асылжан Есенгелді – әлем чемпионатының күміс жүлдегері

Албания елінің Тирана қаласында еркін күрестен U23 жасқа дейінгі ересектер арасында өткен әлем чемпионаты аяқталды. Тартысты сында 61 келі салмақта Қазақстан ұлттық құрамының талантты балуаны, Түркістан облысының спортшысы Асылжан Есенгелді күміс жүлдегер атанды.

Балуанды Түркістан халықаралық әуежайынан спорт жанашырлары мен туған-туыстары, жаттықтырушылары құшақ жая қарсы алды.

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов жүлдегер спортшымен кездесіп, құрмет көрсетті. Басқосуда аппарат басшысы чемпионды жүлдесімен құттықтап, алдағы Париж олимпиадасының жолдамасы үшін өтетін байрақты додаларда сәттік тіледі.

– Қазақстан Республикасының көк байрағын әлемдік додаларда көкке көтеріп, қарсыластарының жауырынын жерге тигізіп жүрген Есенгелді Асылжандай спортшымызға облыс әкімі Дархан Сатыбалдының атынан алғысымды білдіремін. Алдағы халықаралық жарыстарда сәттілік тілей отырып, төрт жылдықтың басты додасы Олимпиада ойындарына тыңғылықты дайындық жұмыстарын жүргізіп, жолдама жеңіп алу үшін тынбай еңбектенеді деп сенемін. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін біздің тарапымыздан толық қолдау жасаймыз, – деген аппарат басшысы демеушілер атынан дайындалған 1 млн. теңге қаржылай сыйлықтың сертификатын тапсырды.

Түркістандық балуан алғашқы белдесуінде жапониялық Каито Моританы тізе бүктірсе, ширек финалда үндістандық балуан Акаш Дахияны сенімді жеңген болатын. Ал жартылай финалында қырғыз боз кілем шебері Тайырбек Жумашбекуулудан басым түсіп, ақтық сынға шықты. Финалдық бәсекеде ресейлік балуан Башир Магомедовпен шығып, есе жіберіп, күміс жүлдені еншіледі.

Айта кетейік, дарынды балуан Асылжан Есенгелді Келес ауданында туып-өскен. Ол – Түркістан облысының Шынболат Райханов басқаратын жоғары спорт шеберлігі мектебінің шәкірті. Спортшыны әлемдік додаға спортшыны жан-жақты дайындауда еркін күрестен облыстың аға бапкері Ерлан Сатымбеков пен жаттықтырушылары – Бекбаев Мақсат пен Роллан Кешубаевтің де еңбектері зор.

ПІКІР ЖАЗУ