Түркістанда жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталып, азық-түлік бағасының тұрақтылығы зерделенді

Түркістан облысында жылумен қамту бағытында жалпы саны 7 кәсіпорын тұрақты қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, онда 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2083 автономды қазандық жұмыс істейді. Бүгін алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жұмыстары пысықталған кезекті аппарат мәжілісі өтті. Бұл мәселелерді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тікелей бақылауына алып, жауапты мамандарға сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.
Облыстағы жылу қазандықтарының 1297-сі білім ошақтарын, 685-і аурухана, 211-і мәдениет үйлерін, 7-і жұмыспен қамту орталықтарын, 73-і спорт нысандары мен қалған 737-і көпқабатты тұрғын үйлерді жылумен қамтиды.
Өңір басшысы салаға жауапты мамандарға жылыту жүйелерін қадағалап, дайындықты күшейтуді тапсырды. Бүгінде жылу энергия орталықтарына алдағы жылыту маусымына қажетті отын көлемі нақтыланған. Олардың қатарында, 109,7 мың тонна көмір, 20 мың литр дизель, 8,1 мың тонна мазут, 27 627 мың м3 газ қажеттілігі анықталған. Сонымен қатар жоспарға сәйкес жылыту маусымының дайындық жұмыстарына бюджет есебінен қажетті қаржы бөлінген.
Апталық аппарат мәжілісінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі де қаралды.
Аймақта жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 105,6%-ды құрап отыр. Яғни Түркістан өңірі бағаны тұрақтандыру жұмыстары бойынша өңірлер арасында алдыңғы қатарда келе жатыр. Дегенмен, маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің баға тұрақсыздығы байқалған. Қазіргі таңда өңір көлемінде өнім жинау жұмыстары қарқын алып, баға тұрақтылығы орнады. Мәселен аймақта 271 мың тонна қырыққабат өндірілсе, картоптан 166 мың тонна өнім алынды, шілде-тамыз айларында қосымша 103 мың тонна күтілуде. 46 мың тонна сәбіз, 21 мың тонна пияз өндірілді.
Айта кету керек, облыста көкөніс өнімдерінің бағасы салыстырмалы түрде ең төменгі көрсеткішті құрайды. Тұрақтандыру қорындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қала аумағындағы 50-ге жуық ірі супермаркеттерге, базарларға және әлеуметтік дүкендерге тұрақты түрде жеткізілуде. Қазіргі таңда облыс аумағында азық-түлік тауарларын тұрғындарға қолжетімді бағада ұсыну үшін әлеуметтік дүкендер мен супермаркеттердегі әлеуметтік бұрыштар саны артып келеді. Атап айтқанда Түркістан, Кентау және Арыс қалаларында 40 әлеуметтік дүкен жұмыс істейді. Тағы 10 әлеуметтік дүкенді іске қосу жұмыстары қаралып жатыр.
Әлеуметтік дүкендер және әлеуметтік бұрыштардағы азық-түлік тауарлары нарықтағы бағадан орташа есеппен 20-30% төмен бағада саудаланып жатыр.