Түркістанда үлкен теннис дамитын күн алыс емес

Әлемдегі ең танымал әрі жанкүйері көп спорт түрінің бірі – үлкен теннис. Миллиондаған жанкүйерді еріксіз арбаған бұл спорттың беделі өте жоғары. Сондықтан қазақ балалары осы спорт түрімен айналысып, жетістікке жетуі керек деп ойлаймын. Осы мақсатта Түркістанда заман талабына сай халықаралық теннис орталығының құрылысын аяқтадық. Бүгін осы кешеннің техникалық ашылуын өткіздік. Салтанатты іс-шараға жерлесіміз, жап-жас болса да, Еуропаны мойындатып жүрген теннисші Нұрланұлы Заңғар баламызды арнайы шақырдық. Мақсат – жас чемпионға, жерлесімізге құрмет көрсету әрі оны түркістандық жеткіншектерге үлгі ету.
Заңғар – 14 жасқа дейінгілер арасында Қазақстанның №1 ракеткасы. Ол Словакияда өткен Tennis Europe сериясының Baseline Open U14 екінші санатты турнирінің чемпионы атанған. Венгрия, Франция елдеріндегі додаларда жүлде алған. Еуропаның рейтингінде 14 жасқа дейінгілер арасында үздіктер қатарында тұр. Түркістан облысының спортшысы спорттағы алғашқы қадамын 4 жасында бастаған екен. Бүгін бұғанасы бекіп, олжа сала бастады. Джокович, Надаль сынды ұлы спортшылардың жолын берсін!

Түркістан облысында спорт саласына жоғары деңгейде қолдау көрсетіліп жатыр. Оның ішінде Түркістан қаласында айналдырған 3 жыл ішінде әлемдік деңгейдегі бірнеше спорт нысаны салынды. Стадион, «Olympic Center» спорт кешені пайдалануға берілді. Қалада «Мұз» сарайы, Бекзат Саттарханов спорт кешені салынып жатыр. Міне, бүгін халықаралық талапқа сай теннис орталығы есігін ашып отыр. Мұнда 11 корт, жанкүйерлер отыратын орындар бар. Барлық жағдай жасалған. Алдағы уақытта осында республикалық, халықаралық жарыстар өтіп тұрады. Жасөспірімдеріміз бен жастарымыз, тенниссүйер қауым осында шеберліктерін шыңдайды.

Тегтерспорт

ПІКІР ЖАЗУ