Түркістанда театр ұжымдары арасында кіші футболдан республикалық турнир өтті

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Райымбек Сейтметовтың 85 жылдығына арналған театрлар арасында «Raiymbek football» кіші футболдан ашық турнирі өтті.

Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облысының театр ұжымдары қатысты. Атап айтсақ, Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры, Түркістан музыкалық драма театры , Шымкент қалалық опера және балет театры, Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры, Шымкент қалалық өзбек драма театры, «17» Жастар театры, ХҚТУ-нің «Актерлық өнер» факультеті және «Ардагер Актерлар» командасы бар.

Шараның ашылуында сөз алған Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрының директор орынбасары Нұрболат Мараим турнир өткізудің мақсатына тоқталып, алдағы айда Түркістан қаласында республикалық театр фестивалі өтетіндігін жеткізді. Сондай-ақ қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Сайыс нәтижесінде I орын Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрына, II орын Шымкент қалалық опера және балет театрына, III орын А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына бұйырды. Сонымен қатар «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы» және «Үздік шабылушы» номинациялары берілді.

Сайыс соңында ұйымдастырушылар турнирге қатысқан командаларға қатысқаны үшін алғыс білдіре отырып, дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

ПІКІР ЖАЗУ