Түркістанда тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін нысан салуға рұқсат етілмеуі мүмкін

 Мәжілісте Түркістан қаласына қатысты заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров заң жобасының негізгі мақсатын түсіндірді.

“Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы” заң жобасы Мемлекет басшысының қалаға рухани және тарихи орталық ретінде ерекше мәртебе беру тапсырмасына сәйкес әзірленген. Соңымен қатар заң жобасын әзірлеуге Түркістан қаласын Түркі мемлекеттері ұйымымен түркі әлемінің рухани астанасыретінде тануы, қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажеттілігі негіз болды. Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзірбайжан және т.б. мемлекеттердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу тәжірибелері зерттелді, – деді Байбазаров.

Заң жобасының мақсаттары мен міндеттері:

  • Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшінқұқықтық шарттар құру,сондай-ақ жалпы мемлекеттік маңыздылығын тану;
  • қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде бүкіләлемдік мұра объектісі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру.

Тарихи-мәдени мұранықорғау және руханиобъектілердің киелілігін сақтау негізгі қағидаттар, – деді ол Мәжілісте.

Заң жобасының негізгі новеллалары:

  1. Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру;
  2. Ұлттық қолөнер саласындағы шеберлердің шығындарының бір бөлігін бюджеттен өтеу;
  3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элементтеріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан 100 метрлік қашықтықта биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді;
  4. Мемлекеттік әлеуметтік объектілерді салу үшін жеке құрылыс салушыларға уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығын алу және беру бойынша қала әкімдігіне құзырет беру.

ПІКІР ЖАЗУ