Түркістанда такси қызметінің сапасы артып келеді

Бүгінде қалада такси қызметін пайдаланушылар аз емес. Бірақ заманның күннен күнге дамып, алға жақсы жағынан ұмтылуды ойлайтын болсақ, такси жүргізушілерінің мәдениетті де ұмытпағаны дұрыс. Өйткені, мәдениет барлық жерде де қажет. 

Мысалы, таксилерге қатысты айтар болсақ, жол жиегінде өз жөнімен немесе автобус күтіп тұрған жолаушының қарасын көргеннен-ақ үздіксіз сигнал беріп, міну ишаратын білдірмесе де, қоярдай-қоймай сигнал беретін жүргізушілердің әдетін мәдениетсіздікке әрі тұрған адамның мазасын алу әрекетіне жатқызуға әбден болады. Сонымен қатар, «қой аңдыған қасқырдай» адам қарасы көрінсе, артындағы үлкен жолаушылар автобусының келе жатқанына да қарамай, кез келген жерге кілт тоқтап, жол ережесін өрескел бұзатын кейбір жүргізушілердің әркетінен де қаншама жол-көлік оқиғалары орын алып жатқаны аян. Адамның әр қимылынан түсінуге болатын заманда жүргізушінің де өз психологиялық ой-түйсігінің болуы артықтық етпес. Сондай-ақ, мұның қатарына көліктің тазалығын, жүргізушінің мінез-құлқын, әдебін де жатқызуға болады. Такси қызметінде осы аталғандар назарға алынса құба-құп болар еді. Құнына келсек, белгілі бағаны такси жүргізушісі мен жолаушы өзара шамалап келісіп алады. Жолаушының аузынан абайсыздан айтылған баға жүргізушінің көңілінен шықпай қалса, жауап берместен жөніне кететіндері кездеседі. Бұл «арзанын тауып ал, маған иегің қышымасын» деген ишара болса керек. Бұл әрекет те мәдениет деңгейін аңғартатыны айтпаса да түсінікті.

Таңертең асығып жол бойында қол бұлғап тұрған жолаушылар күнделікті көріністердің біріне айналғаны қашшан. Десе де, жедел жету мақсатында оның бағасы тиімді ме, тоқтаған бейтаныс көлік қауіпсіз бе – ол жағына бірден мән бермейтініміз рас. Негізі, такси қызметімен айналысатын тұлғалар тиісті мекемеге келіп, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі қажет екені белгілі. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігін қам-тамасыз етудің бірден-бір жолы әрі такси қызметін реттеуге негіз болар еді. Беті аулақ, бейтаныс таксиге мінудің салдары жайлы жайсыз жәйттар аз естіп жатқан жоқпыз. Сонда да қажеттіліктен такси қызметіне жүгінуді тоқтатпаймыз. Себебі, такси жүргізушісі де, оны тұтынатын жолаушы да қарапайым халық. Такси жүргізушісі де нәпақасын тауып, отбасын асырауы керек, жолаушы керек жеріне жылдам жету керек. Моральдық тұрғыдан екеуін де түсінуге болады.

Сондықтан «Яндекс» таксидің белгілеген нақты құнын ұсынып көрейік. «Яндекс» демекші, әзірге қаламызда Яндекс такси, Индрайвер, Регион такси қызметтері кең тараған сенімді такси қызметтерінің бірі болып табылады. Түркістан қаласы әкімдігінің «Бизнесті қолдау және туризм» бөлімінің басшысы Т.Қыдырбаевтың берген мәліметінше, қаламыздағы жаңа «Яндекс» таксиінің бірнеше жыл бойы танымал болғаны сонша, ол қаладағы такси қызметінің көшбасшыларының бірі болып саналады.

(Аталмыш такси қызметі 2011 жылдың 26 қазанында іске қосылған саяхатты онлайн брондау қызметі. Пайдаланушылар такси.«yandex.ru» сайтында, Yandex.Taxi қосымшаларында көлікке қоңырау шала алады немесе телефон арқылы тапсырыс бере алады. Бүгінде Яндекс Такси қызметі 18 елде қолжетімді).

Сонымен, таксидің ең төменгі бағасымен таныстыра кетсек, (3 мин және 1 км қоса алғанда) – 200₸. Ең төменгі құны 200₸ аспайды. Тегін күту – 3 мин. Ақылы күту – 30₸/мин аспайды. Әрі қарай қалада – 50₸/км, 15₸/мин артық емес. Қала сыртында 80₸/км аспайды. Қала сыртында 25₸/мин аспайды. Жолда күту 30₸/мин аспайды.

Яндекстегі қызметтер туралы ақпарат таксидің байланыс деректерін ғана емес, сонымен қатар көлікке отырудың ең төменгі бағасын және километрдің кейінгі бағасын қамтиды. Сондай-ақ, такси қызметіне алдын ала қоңырау шалып, диспетчерге барлық сұрақтарыңызды сұрауға болады. Такси қызметтерінің тарифтері әртүрлі болуы мүмкін. Қызметтердің ең жоғары құны төмендейтін және өсетін коэффициенттерін есепке алмай көрсетіледі.

Қызметте көрсетілген жол жүрудің болжамды құны такси қызметтерінің тарифтеріне, төмендететін немесе жоғарылататын коэффициенттерді пайдалануға байланысты, қызметті пайдалану шарттарында көрсетілген жағдайларда өзгертілуі мүмкін. Сондай-ақ сапар барысында баратын жері өзгерген жағдайда жолаушының өтініші бойынша және басқа жағдайларда тоқтайды.

2013 жылы пайда болған Индрайвер таксиінің қызметі де көпшілікке белгілі. Сонымен қатар, төлемдер тікелей жолаушылардан жүргізушілерге қолма-қол және қолма-қол ақшасыз жүргізіледі. Бұл жүйеде шығындарды азайтуға және төмен тарифтерді сақтауға мүмкіндік береді.

Аталған жәйттардан кейін такси қызметінің сапасы қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады. Облыс орталығы болған соң такси қызметін бір стандартқа келтіріп, алдағы уақытта такси жүргізушісі үшін де, жолаушы үшін қолайлы әрі тиімді жағдайдың жасалатынына да сенімдіміз. Өйткені қаламызда талай шаруаның атқарылып, нәтижелі болып жатқанына куәміз.

ПІКІР ЖАЗУ