Түркістанда су астынан ежелгі жәдігерлер табылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУZhanibekov University археологиялық орталығының зерттеушілері Түркістан облысы Ордабасы ауданындағы Бөген су қоймасында барлау жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Биыл жыл басынан басталған қуаңшылықтың салдарынан қойманың арнасы тарылған еді. Су қоймасы астында қалған тарихи-мәдени ескерткіштерге экспедиция бір аптаға жалғасып, нәтижесінде құнды жәдігерлер табылды.

Бұл жәдігерлер – кейінгі палеолит пен мезолит кезеңіне тиесілі еңбек құралдары. Бір жерде шоғырланған кейінгі палеолит кезеңіне тиесілі 10-ға жуық халцедон тасы, нуклеустер және кесуге, жонуға арналған тас пластиналар бар. Су эрозициясы нәтижесінде тас кезеңіне тиесілі жәдігерлер мұқият зерттелінді.

Сонымен қатар кейінгі қола дәуіріне жататын бірнеше жерлеу орындарына қазба жұмыстары жүргізілді. Жерлеу орнында адам мүрдесі нашар сақталған. Сырты геометриялық сызықтармен безендірілген керамикалық ыдыстар, сондай-ақ ортаңғы бөлігі қоладан жасалып, сырты алтынмен көмкеріліп қапталған самай әшекейін ерекше айтуға болады. Шығыршық, қоладан жасалынған қос білезік, кенерлі сырға мен бас киімді әсемдеуге пайдаланған көптеген ұсақ моншақтар да табылды. Археологиялық орталық жетекшісі А.Подушкин, ғылыми қызметкер Г.Стамқұлованың айтуынша, Түркістан облысы аумағынан әлі күнге дейін бұл кезеңге тиесілі осындай бұйымдар табылмаған.

Экспедиция кезінде қаңлы-сармат кезеңіне жататын жерлеу орны да анықталды. Бұл жерде жауынгердің жанынан үш қанатты, қанаттары төменге қаратылған сапты жебе ұштары, тұрмыстық пышақ, құмыра және тоға табылды. Б.з.д. І ғ. – б.з. І ғ. мерзімделеді. Бұған қарап өңірде көне дәуірден бастап адамдардың толассыз мекендеуі жалғасып отырғанын байқауға болады. Қазба жұмыстары өңірдегі Ұлттық тарихи-мәдени қорық қызметкерлерімен бірлесіп атқарылды. Жәдігерлер зерделеніп, кейіннен мұражайға өткізіледі.