Түркістанда «Сен талантсың!» байқауының екінші кезеңі өтті

Бүгін Түркістанда ерекше қажеттілігі бар жастар арасында шығармашылыққа бағытталған облыстық «Сен талантсың!» байқауының екінші кезеңі өтті. Қатысушылар 2 бағыт бойынша сайысты. Оның алғашқысы сахналық өнер (ән, би, күй) бағытында 3-5 минут уақыт аралығында өнер көрсету болса, екіншісі көркем өнер (кескіндеме, сурет, тоқыма т.б қолөнер шығармалары) бағытында сол сәтте өз өнерін ортаға салды.

– Байқауға қатысушы жандардың мүмкіндігі шектеулі болса да, жүректерінде тұнған сезім мен өнерге деген сүйіспеншіліктерімен бізді тебірентіп, шараны жоғары деңгейде алып шықты. Бар күш-жігерлеріңізді жиып, осы додаға қатысқандарыңыздың өзі үлкен жетістік. Барша қатысушы өнерпаздарға үлкен алғысымызды білдіреміз, – деген «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев іс-шара соңында байқауға қатысқан 20 баланың барлығына ынталандыру сыйлығын табыстады.

Облыстық қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен байқау мақсаты –  жастар бойында адалдық пен сенімділікті, парасаттылықты, отансүйгіштікті, олардың қоғамдағы мүмкіндігін кеңінен насихаттау және жас таланттар шығармашылығын қолдау, сондай-ақ, мүмкіндігі шексіз жастар бойындағы дарынды анықтау, ортамен тығыз байланыс орнату.

ПІКІР ЖАЗУ