Түркістанда өрт қауіпсіздігіне арналған “жатақхана” рейдтік шарасы өтті

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы алаңында қалалық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп «Өрт қауіпсіздігі және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Кездесуге қала аумағындағы кәсіпкерлік нысан иелері қатысты.

Түркістан қаласы аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері, облыстық «Amanat» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты еріктілері және қалалық газ инспекциясы мамандарымен бірлесіп «Жатақхана» профилактикалық рейдтік іс-шарасы өткен болатын. Шара аясында 10 жатақхана, 22 хостел әкімшілігіне үгіт-насихат,  сондай-ақ жатақхана студенттері мен хостел қонақтарына өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылды.

–  Конституциямыздың ең бірінші бабында көрсетілгендей, мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам өмірі және бостандығы. Сондықтан қонақ үйге келген әрбір адамның өмірі сіздер үшін аманат. Облыс орталығындағы қонақ үйлерді аралау барысында асхана бөлмесінде пропан газ баллондарын қолдану жағдайлары анықталды. Жоғарыда көрсетілген кемшіліктерді назарға ала отырып аталған нысандардың әкімшілігі олқылықтарды жоюға барынша көңіл бөлуі тиіс,- деді Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Арман Алпысбаев.

Жиында алдағы жаңа жылдық мереке қарсаңында өтетін іс-шараларда тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілгендігі айтылды. Кәсіпкерлерге өрт қауіпсіздік талаптары қатаң сақталып, эвакуациялық шығу есіктері (белгілері), алғашқы өрт сөндіру құрылғылары қарастырылу қажеттігі ескертілді.

ПІКІР ЖАЗУ