Түркістанда «Наурызнама» онкүндігі басталды

Түркістандағы этноауыл кешенінде Амал мерекесі аталып өтті. Жиынның шымылдығын қала әкімі аппаратының басшысы Талғат Қыдырбаев ашты.

«Қазақ әрқашан Наурыз мерекесін ерекше атап өткен. Қыстан аман-есен шыққанына шүкірлік етіп, жақсылыққа үміт еткен. Осы орайда, ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын. Ұлыс оң, ақ мол болсын!» деді аппарат басшысы.

Мазмұнды мереке қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының көрісу күніне арнайы дайындаған қойылымымен жалғасты. Тұрғындар бір-бірін қыстан аман-есен шығуымен құттықтап, төс қағысты. 70-ке жуық жас қолөнерші өз туындыларынан көрме ұйымдастырып, келушілерге орта арнаулы оқу орындарының студенттері қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды.

Айта кетейік, облыс орталығында Наурыз мерекесі он күн тойланады.

ПІКІР ЖАЗУ