Түркістанда мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиада басталды
Түркістандағы “Түркістан арена” стадионында мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сонымен бірге ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Шілманов та салауатты өмір салтын ұстанып жүрген қызметшілердің қадамын жоғары бағалады.
Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толуына және Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне арналған додада спорттың 7 түрінен жүлделер сарапқа салынып жатыр. Атап айтсақ, шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд, қазақ күресі, үстел теннисі және жүзуден сайыстар өтуде. Дүбірлі сынға барлық аудан, қала әкімдіктері, департаменттер, басқармалар мен Түркістан облысы әкімдігі аппаратынан командалар жасақталған
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі