Түркістанда «Масс-медиа туралы» заң және журналистика тағдыры» атты медиафорумы өтті
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Масс-медиа туралы» Заң және журналистика тағдыры» тақырыбында медиафорумы өтті. Аталған шараны «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Басқосуға ҚР Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, танымал медиатұлғалар, бірқатар өңірлердегі медиахолдинг басшылары мен еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері мен студенттер қатысты.
Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған медиафорумда танымал спикерлер отандық медиа саласының бүгіні мен болашағы, ұлттық және аймақтық журналистиканың өзекті мәселелері, «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты сарапшылық пікірлерін ортаға салды. Модератор –Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, танымал журналист Ғалымжан Елшібай болды.
Белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек Әшімжан, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов пен Оралхан Дәуіт, Серік Әбікенұлы, Жұлдыз Әбділдә, Есенгүл Кәпқызы, Молдияр Ергебеков секілді бірқатар белгілі журналистер тақырып төңірегіндегі ойларымен бөлісті.
«Aulieata Media» холдингінің директоры, белгілі қаламгер, журналист Оралхан Дәуіт елдегі аймақтық журналистиканың ахуалы мен өзекті мәселелері жайында мазмұнды баяндама жасады.
Жиында университет ректоры Жанар Темірбекова, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Аманжол Оңғарбаев, түркістандық журналистер Әсет Әссанди, Ғалымжан Зиябек, Бек Әбиев, Мақсат Жақсыбай тағы басқа қатысушылар күн тәртібіндегі тақырып төңірегінде әңгіме қозғап ұсыныстарын айтты.
Алқалы жиынға Парламенттің қос бірдей палатасы Мәжіліс пен Сенаттан бірнеше депутат қатысып, олар жинақталған орынды сын-ескертпелердің, ұтымды ұсыныстардың Заңда қамтылуын қадағалайтын үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғаны жайлы ойларын ортаға салды.
«Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар салалық министрлікке және Парламентке жолданады.