Түркістанда көкпардан республикалық жарыс өтті

ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ат спортының ардагері, КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, Түлкібас ауданының құрметті азаматы Әбілхан Дауылбаевтың 75 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған көкпардан республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті.

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен 8 команда қатысып, үш күн бойы бас жүлдені өзара сарапқа салды. Жарысқа Түркістан, Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Шымкент қаласы, сондай-ақ Қазығұрт және Меркі аудандарының таңдаулы шабандоздары қатысты.

Тартысты өткен сайыс нәтижесінде төртінші орынды Алматы облысының командасы иеленіп, темір тұлпарға ие болды. Қола жүлде Шымкент қаласының құрамасына бұйырып, шабандоздар 2 миллион теңге көлеміндегі қаржылай сыйақыны қанжығаларына байлады. Екінші орынды еншілеген Түркістан облысының көкпаршыларына 3 миллион теңге көлемінде жүлде табысталды. Ал ұлттық ойынның майталмандары – Жамбыл облысының құрамасы қарсыластарынан оқ бойы озып, бас жүлдеге қол жеткізді. Жеңімпаз командаға 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.

Турнир аясында үздік ойыншылар да марапатсыз қалмады. «Үздік ойыншы» атағы Жамбыл облысының шабандозы Ерғалым Жақсылыққа бұйырса, Шымкент қаласының ойыншысы Әділет Мамыт «Үздік қорғаушы» атанды. Түркістандық Абылайхан Нышанбеков «Үздік шабуылшы» номинациясымен марапатталды. Ал Шардарадан келген Сейфулла Нұрхалықовтың «Саян» есімді тұлпары «Үздік сәйгүлік» атанды.

ПІКІР ЖАЗУ