Түркістанда Қазанғап Тілепбергенұлының шығармалары насихатталды
Бүгін Түркістанда әйгілі күйші-композитор Қазанғап Тілепбергенұлының туғанына 170 жыл толуына арналған «Жырлайды Арал перзенті» тақырыбында әдеби сазды кеш өтті. Облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен іс-шараны «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан және кітапхана директоры Жанат Шардарбекова ашып берді.
Мазмұнды кеш барысында Түркістан қалалық балалар саз өнер мектебінің домбыра пәні мұғалімі, оркестр жетекшісі, дирижер, түрлі байқаулардың лауреаты Ерлан Жақыпбеков пен күйші, «Конгресс холл» көпсалалы кешенінің «Алқоңыр» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Бауыржан Садыбеков қонақ болып, қазақтың белгілі күйшісі Қазанғап Тілепбергенұлының өмір жолынан түрлі ақпараттар айтты. Шығармашылығынан керемет күмбірлі күйлерін орындады. Кітапхананың бұқаралық көрмелік іс-шаралар секторының меңгерушісі Пернекүл Нәлтаева модератор болып, кештің ажарын ұтымды пікірлерімен аша түсті.
Іс-шарада арнайы кітап көрмесі жасақталып, келушілерге таныстырылды. Арнайы дайындалған бейнефильм көпшілік назарына ұсынылды. Әдеби сазды жиын барысында Қазанғаптың ел аузында жүрген әйгілі күйлері орындалып, тарих қойнауында қалған асыл мұралар кеш қонақтарының санасына терең ұялады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі