Түркістанда Қазақстан Республикасы судьялар одағының Х спартакиадасы аяқталды

Түркістанда Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Х спартакиадасының финалдық ойындары өтті. Жарыстың жабылу салтанатына Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының Төрағасы Асламбек Мерғалиев пен Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және өзге де құзырлы орган басшылары қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.

Сайыстың бас төрешісі Дінмұханбет Махимовтың айтуынша аталған спартакиадаға еліміз бойынша 17 команда қатысып, спорттың бірнеше түрінен бақ сынады. Оның ішінде футбол, волейбол, арқан тарту, бильярд, шахмат, үлкен теннис және өзге де спорт түрлері қамтылған. Сайыс нәтижесі бойынша жеңімпаз командалар мен жүлдегерлерге диплом, кубок және бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Жүлдегерлер арасында Түркістан облысының да судьялары бар. Атап айтсақ, кіші футболдан Түркістан облысының соттары екінші орынды еншілесе, үлкен теннистен Түркістан облысы соттарының судьясы Мадияр Ташев қола жүлдегер атанды. Бильярдтан Түркістан өңірінің өкілі Құрманғали Дүйсебеков үшінші орынға ие болды. Ал, үстел теннисінен Түркістан облысы соттарының ойыншысы Даулетияр Машрапов үздік шығып, жеңімпаз атанды.

Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сайысқа қатысушылар спартакиаданы жоғары деңгейде ұйымдастырған азаматтарға, қонақжайлық танытқан Түркістан жұртшылығына алғыстарын айтты.

Түркістан өңірінде спорт саласына қолдау көрсетілуде. Заман талабына сай «Олимпик центр» спорт кешені, «Түркістан-арена» стадионы, халықаралық теннис орталығы, «Мұз сарайы» бой көтерді. Жуырда ғана Октябрь Жарылқапов атындағы стадион жаңартылып, пайдалануға берілді. Қала аумағында шағын футбол және ойын алаңдары салынды. Қазіргі уақытта Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені мен ескек есу каналының құрылысы жалғасып жатыр.

 

ПІКІР ЖАЗУ