Түркістанда Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» атты шығармашылық концерті өтті
Бүгін Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Жастар сыйлығының иегері, Түркістан мен Кентау қаласының және Сауран ауданының құрметті азаматы, композитор Бекжігіт Сердәлінің шығармашылық өнер жолына 40 жыл толуына орай Бекжігіт Сердәлінің «Ауыл жатыр той жасап» атты шығармашылық концерті өтті. Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев арнайы қатысып, кеш иесін құттықтады.
– Тарихи шаһардың жаңа ғасырдағы жылнамасын жазуға атсалысып, осы өлкенің рухани-мәдени әлеуетін арттыру жолында жан аямай еңбектеніп жүрген өнер майталмандары аз емес. Сол тұлғалардың қатарында Бекжігіт ағаның орны ерекше. Тарихи өлке Сауран ауданындағы Үлгілі ауылында дүниеге келіп, өмірі де, өнері де өзгеге үлгі боларлықтай ғұмыр кешіп келе жатқан ағамыздың шығармашылық кеші құтты болсын. Жарты ғасырға жуық ғұмырын өнерге арнап, сол уақыттан бері бірнеше буынның жатқа айтар әндерін жарыққа шығарды. Қасиетті қаланың әнұраны ретінде әспеттелетін «Түркістаным – Тұраным» әні туған топырағына деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісіндей. Шығармашылық жолынан бөлек, ақпарат саласында да өзіндік қолтаңбасы бар ағамыз әлі күнге дейін шәкірт тәрбиелеп, талай буынның бағыт сілтер бағдарына айналып келеді. Сіздің қазақ өнеріне, Түркістан руханиятына береріңіз мол. Елдің игілігі жолындағы барлық бастамаңыз жемісті болсын, – деген облыс әкімінің орынбасары кеш иесіне құрмет көрсетіп, өңір басшысы Дархан Сатыбалдының атынан құттықтау хат табыстады.
Қала әкімінің орынбасары, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-нің ректоры, қалалық мәслихат төрағасы да сөз алып, Бекжігіт Сердәліге сый-сияпат жасады. Мерекелік кеш барысында Досымжан Таңатаров, Саят Медеуов, Ардақ Балажанова, Шакизада, Гүлнұр Оразымбетова, Абылайхан Оспанов, «Созақ триосы», «Turan Boys» тобы, «Дихан мен Ақбикеш» дуэті өнер көрсетіп, түркістандық көрерменге шабыт сыйлады. Сонымен қатар композитордың бірге оқыған достары, өнердегі және өмірдегі әріптестері, туыстары мен шәкіртері де кешке қатысып, ізгі лебізін қошеметпен білдірді.
Айта кетейік, Бекжігіт Сердәлінің қазақ жастары қосыла шырқап, махаббаттарын баян етіп, отау құрған ғашық жандардың өлмес әніне айналған «Жас жұбайлар», сондай-ақ «Неге, неге», «Ризамын», «Ауыл жатыр той жасап», «Бір өзің деп», «Ару қыздар», «Келіп кет қалқам», «Сені іздегем», «Текемет», «Кінәлама», «Асыл жарға», «Қош аман бол» сияқты әндері мен «Түркістан кеші» инструментальды композициясы шоқтығы биік туындылар қатарында.