Түркістанда БАҚ өкілдері этносаралық татулықты сақтау жайын талқылады
Түркістан өңірінде облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Этносаралық қатынастар саласындағы медиасауаттылықты арттыру тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру.
Келелі жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшылығы, Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының мүшелері, аудандық, қалалық газеттердің бас редакторлары қатысты. Семинарды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Журналистер мен блогерлер клубының төрағасы Ерсұлтан Әмірбек жүргізіп отырды.
Семинар-тренингте сөз алған Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының ҚХА хатшылығы және этносаралық қатынастарды дамыту бөлімінің бас маманы Тимур Оралбеков қоғамдық келісімді нығайту бағытында өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ел тұрақтылығын сақтауда ақпараттық қауіпсіздіктің маңызды екенін атап өтті.
Күн тәртібінде журналистердің этносаяси сауаттылығын арттырудың өзектілігі туралы ой-пікірлер қызу талқыланып, бұл бағытта ақпараттық және медиа сауаттылықты көтеру, фактчекингтің қажеттілігі сөз болды.
Спикерлер қатарында «Turkistan Media Holding» ЖШС басқарушы директоры, республикалық «Айқын» газетінің меншікті тілшісі Тельман Бейсенов этносаралық қатынастардағы БАҚ-тың және әлеуметтік желінің рөлі туралы ой қозғап, сындарлы пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ семинарда «Қызмет» газетінің Бас редакторы, «Серпіліс» қоғамдық қорының төрайымы Бейсенкүл Нарымбетова этносаралық қатынастар туралы халыққа ақпарат берудің басты ерекшелігі және жауапкершілігі бойынша мазмұнды ойларымен, пайдалы тәжірибесімен бөлісті.
Семинар-тренинг барысында сөз алған бірқатар БАҚ өкілдері пікірталастарда белсенділік танытып, пікір-ұсыныстарын ортаға салды.Іс-шара соңында семинар жұмысына қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды. Сондай-ақ өңірдегі этносаралық татулықты, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар БАҚ өкілдері Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары – Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Дәурен Сариевтың атынан Алғыс хаттармен марапатталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі