Түркістанда «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің республикалық көшпелі кеңесі өтті
Бүгін Түркістанда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің республикалық көшпелі кеңесі өтті. Оған «Ардагерлер ұйымы» РҚБ Орталық кеңестің төрағалары, Астана, Алматы, Шымкент қалалары, өңірлік ардагерлер ұйымдарының басшылары, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов пен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Көшпелі-кеңестің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауын жүзеге асырудағы ардагерлердің міндеттерін талқылап, жұмыстарын ұйымдастыру.
Аталған жиында Мемлекет басшысының Жолдауын саралап, негізгі міндеттер мен ел дамуы жолында ұлт болып, адал еңбек ету туралы және тағы басқа мәселелер көтерілді.
Маңызды жиынға облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтау сөзін оқып берді.
Облыс әкімінің құттықтауында «Бұл басқосу өңірдің рухани саласына оң серпін береді деп сенемін. Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани және туристік орталығына айналдыру бағытында жоспар түзіліп, іске асырылды. Бұл – мемлекетіміздің өңірімізге деген үлкен қолдауы. Бүгінгі таңда облыстық ардагерлер ұйымы осы мақсатта табысты еңбек етіп келеді. Ұлттық тәлім-тәрбиені ұрпақ бойына сіңіру арқылы жұртшылықты ізгілікке, отаншылдыққа, еңбекке құлшындыру бағытында облыс ардагерлерінің алар орны айрықша деп білемін, – делінген.
Қазақстанның Еңбек ері, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ орталық кеңесінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов баяндама жасады. Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мәуленқұлов, Орталық кеңес төралқасының мүшесі Ж.Ерғалиев, Маңғыстау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Төлетов, Абай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Әлин жарыссөзге шықты.
Жиында Түркістан облысының ардагерлер қозғалысына белсенді араласып жүрген облыстың ардагерлеріне Орталық кеңестің төсбелгілері мен Құрмет грамотасы тапсырылды.
Алқалы басқосу Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жастарымен кездесу жиынымен жалғасты. Университеттің мәдениет залында еңбек адамына арналған музыкалық-композициялық қойылым қойылды.
Бақтықожа Ізмұхамбетов студент жастармен сырлы сұхбат жасап, оқу ордасы ұжымына кітабын тапсырды.
Кездесу соңында университет ректоры Жанар Темірбекова білім ордасының тыныс-тіршілігі, жетістігі мен алдағы мақсаттары туралы ойын ортаға салды.
Шара аясында ардагерлер Түркістанның көрікті орындарын аралап, Түркістан қаласындағы соғыс ардагерлеріне арналған «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын қойып, «Жібек жолы» саябағында ағаш отырғызды.
Айта кетейік, облыстың ардагерлер кеңесінде 154 мыңнан астам ардагер есепте тұр. Ардагерлер кеңесінің негізін 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестеріне біріктірілген 619 бастауыш (ауылдық) ардагерлер ұйымы құрайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі