Түркістанда алғыс айту күніне орай «Халықтың алғысы – ұлы марапат» атты салтанатты іс-шара өтті

Бүгін Түркістан қаласында Алғыс айту күніне орай «Халықтың алғысы – Ұлы марапат» атты мәдениет саласының және этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының қатысуымен мерекелік іс-шара өтті.

Аталған шара Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.

Салтанатты шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, зиялы қауым өкілдері, депутаттар, басқарма басшылары, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың және этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, «Ассамблея жастары» РҚБ Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері, жастар қатысты.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары барша түркістандықтарды айтулы мерекемен құттықтады.

«2016 жылдан бастау алатын Алғыс айту мерекесінің жыл өткен сайын мән-маңызы артуда. Бұл орайда, Түркістан облысында бұл мереке кең көлемде атап өтіліп келеді. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына орай, Алғыс айту күнін мерекелеудің жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Тұжырымдамаға сәйкес, мерекені өңірімізде ауқымды етіп өткізу қолға алынып, 23 ақпаннан бері түрлі мәдени-көпшілік шаралар мен қайырымдылық акциялары өткізілді. Енді бүгін этномәдени бірлестіктерден құралған өнерпаздардың концертімен қорытындыланып отыр. Баршаңызға бейбіт күн мен отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін! Тәуелсіз еліміздің мәртебесі биіктеп, халқымыздың бірлігі нығая берсін!»,  деді Бейсен Дәулетұлы.

Жиында атап өтілгендей, бүгінде облыстағы Ассамблея құрылымдарының ұйытқы болуымен өңірдің барлық аудан, қалаларында мемлекеттік тілді оқытатын 17 орталық жұмыс істейді. Өткен жылы осы курстарға 4 мыңға жуық адам қамтылды. Қазіргі таңда өңірде 50-ден аса этностың өкілдері бір шаңырақ астында бейбітшілікте, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ облыста 11 этномәдени бірлестік қазақстандық толеранттылық үлгісін көпке паш етуде.

Бірлікке үндеген шара барысында облыс әкімінің орынбасары өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген еңбек адамдарын марапаттады.

Мерекелік шара Түркістан облыстық этномәдени бірлестіктер өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Бұл ретте, облыс өнерпаздары мерекелік тілектерін «Туған жерім тамаша», «Алғысымыз шексіз», «Бабалар рухы», «Қазақстан – достық мекені», «Елім деп ән саламын» және өзге де патриоттық рухтағы әндермен жеткізіп, алғысқа бөленді.

Шара соңында жиналған қауым Мұрат Ташқұл мен Жеңіс Бертаевтың орындауындағы «Қазақстан» әнін қосыла шырқап, әдемі кештің әрін келтірді. Көпшілік айтулы күн ел бірлігін бекемдейтін мереке екенін айтып, бір-біріне деген шынайы тілектерін жеткізді.

ПІКІР ЖАЗУ