Түркістанда Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухани мұралары насихатталды

Биыл қазақтың ұлы ойшылы, ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге және «Абай күніне» орай Түркістанда рухани мәні бар іс-шара өтті. Түркістан облысының әкімі мен ардагерлер, зиялы қауым өкілдері ұлы ақынның мұраларын насихаттады. Атап айтқанда, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Облыстық ардегерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов, еңбек ардагері Жарқынбек Құлбайымбетов, Облыстық полиция департаментінің басшысы Мұрат Қабденов Түркістандағы Абайдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Өңір басшысы көпшілікті арнайы құтықтап, хакім Абайдың өнегелі өмірі мен шығармашылығына тоқталды.
– Бүгін Түркістан төрінде рухани мәні бар жиында жолығып тұрмыз. Өздеріңізге белгілі, бірнеше жыл бұрын Мемлекет басшысының қолдауымен 10 тамыз – «Абай күні» болып белгіленді. Бұл күн – данышпан ақынның рухына тағзым етіп, еңбектерін насихаттайтын айтулы күн. Ал биыл ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Бұл мерейтой ел арасында кең көлемде атап өтілуде. Осы мереке құрметіне Түркістан облысы атынан Абай өңіріне Көрме орталығының құрылысын жүргізіп, тарту ететін боламыз. Ұлы Абай «Бірінді қазақ бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деп елді бірлікке шақырған. Біз осы ұстанымға сай болуымыз керек. Ақынның шығармашылығын насихаттау бағытындағы іс-шаралар барлық кітапханалар мен мәдениет мекемелерінде ұйымдастырылуда. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жоспарға сәйкес тұрақты түрде жүргізе береміз. Осы орайда, Абай ескерткішінің алдына жиылып, ақын рухына тағзым ете келген баршаңызға алғысымды білдіремін. Баршаңызға «Абай күні» құтты болсын! Абай аманатына адал болып, елге адал қызмет ете берейік! – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Абай Құнанбайұлының қазақ әдебиеті мен руханиятындағы орнына тоқталып, жастар үшін мазмұнды ойларын жеткізді.
Іс-шара барысында Абайдың өлеңдері оқылып, әні шырқалды. Зиялы қауым өкілдерінің пікірлері тыңдалып, облыстағы кітапханалар ұйымдастырған кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.
Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын Түркістан өңірінің жұртшылығы 10 күн бойы мағыналы іс-шаралармен өрнектеді. Өңірдегі кітапханалар мен мәдениет мекемелерінде рухани кештер, көрмелер, байқаулар ұйымдастырылды. Облыс делегациясы Абай облысына барып, мәдениет күндерін өткізіп, өңір диқандары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұсынды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 1 ауылдық округ, 4 елді мекен, 110 көше, 15 мектеп Абай есімімен аталады. Ұлы ақынның құрметіне 9 ескерткіш, 11 бюст орнатылған.