Түркістан: Жекеменшік балабақшаларға үкімет қолдауы қажет
Бүгінгі таңда Түркістан облысында жекеменшік балабақшалардағы жан басына қаржыландыру мәселесі республика бойынша ең төменгі мөлшерде. Бекітілген бірыңғай әдістеме бойынша есептерге сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативі Түркістан облысында 2021 жылы қала үшін – 37 537 теңгені, ал ауылдық жерлер үшін – 41 053 теңгені құрауы тиіс. Алайда, осы уақытқа дейін облыста бір балаға айына 25 582 теңге бөлінуде. Бұл туралы брифингте Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Нақыпбеков мәлімдеді.
Сондай-ақ, брифингке Қазақстанның үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Лейла Куленова, Түркістан облысы бойынша үздіксіз білім беру қауымдастығының төрайымы Дильдар Хабибова, Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова қатысты.
«Мектепке дейінгі тәрбиемен 155 мыңнан астам бала қамтылған. 2021 жылға арналған мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жалпы бекітілген бюджет 115 729 орынға шаққанда 53,3 млрд теңгені құрайды, оның 10,2 млрд теңгесі республикалық бюджеттен, 43,04 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Бүгінде қосымша қажеттілік жалпы 26,6 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жаңа әдістемеге сәйкес – 23,5 млрд теңге және кезекте тұрған балаларды жаңа орынмен қамту үшін – 3 млрд теңге қажет. Бұл жетіспейтін қаражат республикалық бюджеттен бөлінетін жалпы сипаттағы трансферттерді қарау барысында ескерілмеген», – қауымдастық төрайымы деді Лейла Куленова.
Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова аталған мәселе бойынша басқарма тарапынан тиісті хаттар жолданғанын айтып, аталған мәселе шешімін табатындығын жеткізді.
Айта кетерлігі, Түркістан облысы бойынша бүгінгі таңда 1 417 балабақша болса, оның 267-сі мемлекеттік, 1031-і жекеменшік, яғни облыста ашылған балабақшаның 90%-ы кәсіпкерлік субъектілері.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі