Түркістан жастары балаларға арналған акция өткізді
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Бүгінгі күн біз үшін тарих» атты облыстағы көпбалалы отбасыдан шыққан балаларға арналған акция өтті.
Акцияның мақсаты – балаларға облыстың көрікті жерлерін таныстыру, олардың балалық шағынан ерекше сәтті естерінде сақтауға ықпал ету, жақсылық, адалдық сынды адамгершілік қасиеттерін дамыту және таныту.
Аталған іс-шараға облыстың аудан, қаласынан келген 150 бала қатысты. Қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне, «Ұлы Дала Елі» орталығына, «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасына және «Керуен сарай» туристік кешеніне экскурсия жасады. Балалардың қуанышын көрген ата-аналар мәз болып, алғысын білдірді.
– Бұл сапар оларға ерекше әсер сыйлайды деп білемін, өйткені жаңа дүниелер мен эмоциялар, достарымен араласу, бәрі де балалардың ой-өрісін кеңейтеді және оларды рухтандырады, ал біз үшін осындай көңіл-күйлері баға жетпес құндылық, келісесіздер деп ойлаймын. Ұйымдастырылған экскурсия балаларға қуаныш қана емес, оларға көңіл бөлу деп білемін, – деді көпбалалы ана.
Шара соңында балаларға түскі ас беріліп, KinoPark қолдауымен «Капитан Марвел 2» киносын тамашалады.