Түркістан: «Жайлы мектеп» мердігерлерінің өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды

Түркістан облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 63 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде сол білім нысандарының құрылысы қалай жүргізіліп жатыр? Қандай проблемалары бар? Нысандар мерзімінде тапсырыла ма? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеу мақсатында облыс әкімдігінде арнайы жиналыс өтті. Оған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары және мердігерлер қатысты. Өңір басшысы жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Мектеп салу бойынша міндеттеме алған мердігерлер жұмысты уақтылы әрі сапалы атқаруы тиіс. Аудан, қала әкімдіктері мен жауапты басқармалар тарапынан инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетілсін. Бүгін сіздермен жолығудағы мақсатымыз – құрылыс барысын пысықтау. Кедергілер мен мәселелер болса, жасырмай айтыңыздар. Шешуге күш салайық. Бұл мектептер уақтылы тапсырылуы керек. Бізге құрылыс аяқталатын нақты мерзімін айтыңыздар. Жүйелі түрде жұмыс атқарып, құрылысты аяқтау керек. Білім ұяларын білікті басшылар мен ұстаздармен қамту да өзекті, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеровтың, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның басқарма тқрағасының орынбасары Амангелді Саттаровтың баяндамалары тыңдалды. Мердігерлер де көкейде жүрген сұрақтарын қойып, мәселелер көтерді. Әсіресе, «Е-құрылыс» электронды порталы арқылы құрылыс жұмыстарының төлемдерін жүргізу қиындық тудырып отыр. Бұл туралы тиісті ұсыныстар берілді.

Айта кетейік, 2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 4 мектебі инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. 

ПІКІР ЖАЗУ