Түркістан: заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бойынша арнайы мобильді топтар жұмыс істейді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров облыс аумағында заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу бағытында аудан, қала әкімдіктерінің мобильді топтары мен облыстық полиция департаменті қызметкерлеріне заңсыз қазбаны болдырмау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырған-ды.
Бүгін бұл мәселе төңірегінде облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбековтың төрағалығыммен арнайы мәжіліс өтіп, жиынға құзырлы орган қызметкерлері қатысты. Аталған жиында облыс аумағындағы заңсыз жер қойнауын пайдаланудың алдын алу және ауыр жүк көліктерінің құрылыс материалдарын шамадан тыс арту заңбұзушылықтарын тоқтату мәселелері талқыланып, жауапты сала мамандарына тапсырмалар жүктелді.
Қазіргі уақытта облыс аумағында ауыр жүк көліктері тарапынан шамадан тыс жүк артып тасу, заңсыз жер қойнауын қазу фактілері анықталған. Мәселен, биылғы 11 шілдеде Сауран ауданы аумағында жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк тасымалын жүргізгені анықталып, бірқатар заңбұзушылықтар тіркелді.
Мәжілісте Т.Қозбеков Түркістан облыстық көліктік бақылау инспекциясына облыс аумағында республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бұзылуының алдын алу, шамадан тыс жүк артқан ауыр жүк көліктеріне тұрақты түрде рейдтер жүргізу мен заң аясында тиісті шаралар қолдануды тапсырды.
Оған қоса Сауран ауданы, Шаға ауылдық округі, Шоқтас елді мекені Құрсай өзені бойында үлкен көлемде заңсыз жер қойнауын қазу жұмыстарын жүргізген белгісіз тұлғалар ауыр жүк көліктерімен ұсталған. Заңды бұзған топқа тиісті шара қолдану үшін Облыстық полиция департаментіне материалдар жолданып, аталған істі тұрақты бақылауға алу тапсырылды.