Түркістан туралы мюзикл жарыққа шығады
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәдениет саласын дамыту бағытындағы жұмыстарды саралау үшін мәдениет және өнер қайраткерлерін қабылдады. Кездесуге Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов, продюсер, режиссер, сценарист Сержан Молдасанұлы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев қатысып, Түркістанда өнер, мәдениет салаларын дамыту бағытында пікір алмасты.
Биыл «Конгресс холл» көпсалалы кешеніне қосымша мәдениет қызметкерлеріне 100 штат бірлігі берілген болатын. Жаңа жұмыс орындарына мамандар алу үшін арнайы хабарламалар беріліп, әлеуметтік желілерде таратылды. Сондай-ақ Астана, Алматы қалаларына өкілдер жіберіліп, өнер мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарында ақпараттық, түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде арнайы кастинг жарияланып, алғашқы іріктеуге Қазақстанның әр өңірінен өтініштер түскен.
– Түркістан – баршаға ортақ қала. Атының өзі түркі елдерінің мәдени-рухани астанасы болуға лайық екенін білдіреді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі де – талай туристің келуіне басты себеп. Енді облыстың мәдениеті де жанданып, осы орайда ата-бабаларымыздан қалған дәстүр мен ұлттық құндылықты сақтап қалуымыз керек. Ұлттық болмысымыз мәдениетіміз арқылы көрініс табуы тиіс. Шетел туристерін өзіміздің болмысымызбен, өнерімізбен қызықтыра аламыз. Түркістанда сырттан келген қонақтар қызығатындай, ерекше стилі бар, өз өнер ұжымы қалыптасса деген оймен осы бастаманы қолға алып отырмыз. Өнер мен мәдениетте Түркістанның өз бренді қалыптасуы қажет, – деген Дархан Сатыбалды жаңа өнер ұжымының репертуарын байыту, тың идеяларды жүзеге асыру жолында дайындығын күшейтуді тапсырды.
Облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев осы бағытта бекітіліген арнайы жоспарға сәйкес қазіргі таңдағы шығармашылық ұжымдарды қалыптастыру жұмыстары туралы баяндады. Руханият ордасына Алматы, Шымкент, Қарағанды, Тараз, Қызылорда, Петропавл қалалары мен Түркістан облысының аудандарынан 80-ге жуық түрлі өнер иелері келіп, өз бақтарын сынады. Байқаудан соң 54 жас маман іріктеліп алынды. Бүгінде жаңа ұжыммен продюсер, режиссер, сценарист, тележүргізуші Сержан Молдасанұлы тығыз жұмыс істеп жатыр.
– Бастапқыда уайым болды, тәуекел еттім. Іріктеуден өткен жастар өте талантты. Мұндағы таланттар бірін-бірі іздеп келгендей. Өнерпаздардың арасынан вокалдық, классикалық, дәстүрлі әншілер мен ұлттық аспаптар оркестрі және би ұжымы жасақталуда. Дайындық қызу жүріп жатыр. 25 қазан – Республика күні қарсаңында өнер көрсетеміз деп жоспарлап отырмыз. Жігіттер талантты, бірнеше аспапта ойнай алады. Ерекше жаңалығымыз, Түркістан туралы мюзикл жазып жатырмыз. Нәтижесін алда көре жатарсыздар. Ең бастысы жинақталған өнер ұжымын осы аймаққа сіңіріп, талаптарын ашу – міндетіміз, – деді продюссер.
Музыкант, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Нұрғиса Дәуешов Түркістанның мәдени тынысы өзге облыстардан көш ілгері екенін тілге тиек етті.
– Үш жыл қатарынан өтіп жатқан «Түркістан дауысы-2023» республикалық жас орындаушылар байқауы Түркістанның бренді десек болады. Деңгейі жоғары. Еліміздің өзге өңірлерінде мұндай республикалық ән додасы жоқтың қасы. Ал енді штат ашу мәселесінің қаншалықты қиын екенін жақсы білемін. Бұл облыста жұмыс жүйеге қойылғандығын көрсетеді. Оқу бітіріп жатқан таланттар көп, ал жұмыс орны жетіспейді. Жалпы өнер ұжымының дамуына киім, баспана мәселесімен қатар, елімізге және шетелге гастрольдік сапарлар шабыт береді. Сәттілік тілеймін, – деді ол.
Әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Беспаев Түркістандағы осындай жаңалыққа қуанғанын жетікізіп, бірқатар ұсынысын білдірді.
– Алтынбек Қоразбаев ағамыз бір кездері бәріміздің басымызды осылай қосып еді, бұл оқиға сол шақты еске түсірді. Жалпы өнер ұжымдарын қолдау өте маңызды. Сержан бауырымызды осыған жетекшілік етуге көндірдік, өйткені ол көптеген іске бастамашы болған іскер азамат. Райымбек Сейтметов ағамыз да кезінде осында келіп, қаншама мықты шәкірт тәрбиеледі, театр ашты. Жаңа ұжым Түркістанның абыройын асқақтатады деп сенем, – деген әнші өнер ұжымын қолдауға дайын екенін, болашақта бірге өнер көрсететінін жеткізді.