Түркістан: Төлебилік шаруа жүзім бағынан 300 тонна өнім алады

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Оның ішінде жүзім шаруашылығында да даму бар. Төлеби ауданы, Тасарық ауылының тұрғыны Сабыржан Танабаев бүгінде кәсібін өркендетіп отыр. Аумағы 20 га жүзім бауында тұрақты 16 адам, жиын-терім, егіндік маусымында 100 ге жуық адам жұмыспен қамтылады. Жүзім бауында бүгінде жемістің 4 түрі өсіріледі.

Шілде, тамыз айларында пісіп жетілген жүзімдерді арнайы сауда орындарына, базарларға шығарып, көтерме бағамен өткізеді. Жеміске сұраныс та көп. Жүзімнен маусымында 300 тоннаға жуық  өнім алады.

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов Тасарық ауылдық округіндегі аталған жүзім шаруашылығының жұмысымен танысты. Жүзімнің күтіп-бапталу барысын, суару және өнім жинау технологияларын көріп, шаруалармен пікір алмасты. Жергілікті еңбеккерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, туындаған мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді.

Аудан әкімі аталған бағыттың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін ерекше атап өтіп, жүзім өсіру арқылы ауданның экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнім көлемін арттыруға болатынын жеткізді. Сонымен қатар әкімдік тарапынан ауыл еңбеккерлерін қолдау, инфрақұрылымды жақсарту және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытында жұмыстар жалғаса беретінін айтты.