Түркістан: төлебилік оқушы Ыстамбұлға жолдама алды
Төлеби ауданында күміс көмей әншілер, қылқалам шеберлері, қарымды жырларымен, шығармаларымен елімізге кеңінен танылған жастар саны артып келеді. Солардың бірі – Мейірхан Рахым. Ол Леңгір қаласындағы №5 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы.
Димаш Құдайбергеннің әндерін тыңдап өскен Мейірхан тума талант иесі. Әнге деген әуесқойлығының арқасында музыка пәнінің мұғалімі Татьяна Матвееваның қолдауымен табиғат берген дауысын шыңдады. Ұстазы әнші баланың арманына қанат бітіріп, эстрадаға жолын ашты. Соның нәтижесінде аудандық, облыстық деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Өнер иесі 2019 жылдан бері үлкен сахнада өнер көрсетуде. Жуырда республикалық балалар шығармашылық «Bala Fest» фестивалінде бас жүлде иеленсе, ал «Zhibek zholy Kazakhstan» байқауының Гран-при иегері атанып, Ыстамбұлда өтетін халықаралық музыкалық фестивальге жолдама жеңіп алды. Байқау көктемде өткізіледі деп жоспарланып отыр. Төлебилік әнші өнерін шыңдап, байқауларға қатысуына мектеп ұжымы қолдау көрсетіп келеді.
Бұдан бөлек, Ташкент қаласында өткен «Таланты Азии» халықаралық шығармашылық байқауының жеңімпазы, Тараз қаласында «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасындағы «Ақ желең» республикалық байқауында вокал номинациясы бойынша жүлделі орыннан көрінді.