Түркістан: Төлебидің экономикалық және туристік әлеуетін көтеру жолдары қаралды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік және өндірістік нысандарды аралады. Одан кейін аудан активімен кездесіп, Төлебиді дамыту жолдарын талқылады.

– 2025 жылдың 6 айында ауданға негізгі капиталға 20,3 млрд. теңге инвестиция тартылғанымен, бүгінгі таңда бірқатар ауылдық округ әкімдері жоспарды орындамаған. Осы ауыл округтерінің әкімдері мен салаға жауапты орынбасар жұмысты ширатсын. Аудан орталығы Ленгір қаласы қажетті инфрақұрылыммен толық қамтылған. Яғни, инвестиция тарту, жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашуға барлық жағдай жасалған. Алайда Ленгір қаласында соңғы жылдары жаңадан бірде-бір инвестициялық жоба іске асырылмаған. Жұмысты ширатыңыздар. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы іске асырылуда. Бұл – уақытша науқан емес екенін, аталған маңызды жоба жыл бойы өз жалғасын табатынын үнемі айтып жүремін. Қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет. Осы бағыттағы жұмыстарды да жүйелеу керек,  – деген Нұралхан Көшеров аймаққа инвестиция тарту, туризмді дамыту, өзіндік кіріс көлемін ұлғайту, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де мәселелер бойынша тапсырмалар берді.

Мәжілісте аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов 6 айлық көрсеткіштерді баяндаса, басқарма басшылары өз салалары бойынша жоспарлар мен кемшіліктерге тоқталды. Нақты міндеттер жүктелді.

Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 6 айдың қорытындысымен 70,8 млрд. теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады.  Жалпы өңірлік өнімнің 53,3%-ы өнеркәсіп, 20,4%-ы ауыл шаруашылығы, 18,4%-ы сауда және 7,9%-ы құрылыс салаларына тиесілі. Жан басына шаққандағы ішкі өнім көлемі 6 айда 480 мың теңгеге жетіп, өсім 39 пайызды құрады.  Өнеркәсіп өнімінің көлемі 37,7 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 107,9 пайызды құрады. Өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 34 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 10,7 пайызға артқан. 2025 жылы өнеркәсіп саласында жалпы құны 6,5 млрд. теңгені құрайтын 4 ірі инвестициялық жоба іске асып, 180 жаңа жұмыс орындары құрылады.

Инвестициялық әлеуетті көтеру мақсатында Киелітас ауылдық округінен 14 гектар жерге шағын өндірістік парк салу жоспарлануда.