Түркістан: тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті

Бүгін тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі Түркістан облыстық комиссиясының кезекті отырысы өтті. Отырысты комиссия төрағасы облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев ашып, жүргізіп отырды.

Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков «Түркістан облысы бойынша тарихи-мәдени мұра саласы туралы» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ Арыс қаласы, Екпінді ауылындағы «Қызыл көпір» сәулет және қала құрылысы ескерткішіне ғылыми-реставрация жұмыстарын жүргізу, Сайрам ауданында орналасқан «Ханқорған қалашығы» археология ескерткішін Тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығының теңгеріміне өткізу туралы аудан, қаланың жауапты басшыларынан тыңдалды.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев мұқият тыңдап, монументті өнер құрылысы бойынша өңір басшысының тапсырмасына немқұрайлы қараған азаматтарға шара көрілетінін, заңдастырылмаған ескерткіштерге қажет болса құзырлы органдар арқылы тексеру керектігін айтты. Сонымен қатар тиісті мамандарға тапсырма беріп, жауапкершілік жүктеді.

Жалпы 2024 жылы облыс аумағында монументтік ескерткіштер орнату бойынша 14 ұсыныс келіп түскен. Бұл туралы Тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі орталығының директоры Жандос Құрбан  баяндады. Комиссия мүшелерінің шешімімен оның 8-нің идеялық ұсынысы нақтыланса, қалған 6 ұсыныс құжаттарына байланысты мақұлданбай, қайта қарауға жіберілді.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда орнатылған 34 ескерткіштің 24-не комиссия келісімі  алынса, 1 ескерткіш алынып тасталды. Қалған 9 ескерткішті құжаттандыру мақсатында келесі жылдың І тоқсанында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісе отырып, комиссияның жұмыс тобымен ескерткіштерді көркемдік деңгейіне қарап орнында қалдыру, түзету енгізу немесе алып тастау бойынша шешіледі. Қазіргі таңда облыс бойынша 1780 тарихи-мәдени мұра объектілері есепке алынған. Оның ішінде халықаралық маңызы бар 1 ескерткіш (Қожа Ахмет Ясауи кесенесі), республикалық маңызы бар 40 (30 сәулеттік, 10 археологиялық), жергілікті маңызы бар 403 (46 сәулеттік, 356 археологиялық, 1 киелі объект), алдын ала есепке алу тізімінде 1336 (оның 102 сәулеттік, 1160 археологиялық, 64 киелі объект). Монументті өнер туындыларының саны – 842. Алдағы уақытта ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің монументті өнер құрылыстары бойынша жұмыстарды бір жүйеге келтіру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған монумент орнату бойынша жоспары аясында жұмыстар атқарылады.

ПІКІР ЖАЗУ