Түркістан: Созақта жаңа спорт және ойын алаңдары ашылды

Түркістан облысы, Созақ ауданы, Сызған ауылдық округінің Қозмолдақ елді мекенінде тұрғындардың спортпен айналысуы мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жаңа нысандар пайдалануға берілді. Ересектерге арналған «Street Workout» спорт алаңы мен балалар ойын алаңшасының ашылу рәсімі өтті. Сонымен қатар ағымдағы жөндеуден өткен кіші футбол алаңының құрылысы да аяқталып, ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынылды.

Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков ауыл тұрғындарын жаңа нысандардың ашылуымен құттықтап, спорт алаңдарының салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызына тоқталды.

– Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе аяқсыз қалмайды. Біз кез келген жобаны ең алдымен сіздердің ұсыныстарыңыздың төңірегінде жүзеге асырып келеміз. Әрине, сіздердің қолдауларыңыз біз үшін өте маңызды. Бүгінгі ашылып отырған алаңдар ауыл жастарының спортпен айналысып, бос уақытын тиімді өткізуіне үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық округтен жабық үлгідегі футбол алаңының да құрылысы басталды. Бұл – спорт инфрақұрылымын дамытудағы тағы бір маңызды бастама, – деді аудан басшысы.

Жаңа ашылған алаңдарда алғашқы ойындар ұйымдастырылып, балалар мен жастар жарысқа белсенді қатысты. Ауыл ақсақалдары мен тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтты.