Түркістан: «Созақ таланттары – 2023» байқауы өз мәресіне жетті

Түркістан облысының 5 жылдығы мен Созақ ауданының 95 жылдық мерекесі аясында ұлттық мұрамызды ұлықтап, төл мәденитімізді жаңғыртуға бағытталған «Созақ таланттары – 2023» халық өнер байқауы өз мәресіне жетті. Салтанатты шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков қатысып, байқау жеңімпаздарын марапаттады.

Сонымен қатар белгілі журналист, бірнеше проза және поэзия кітаптарының авторы, «Созақ үні» газетінің жауапты хатшысы, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Мақсат Қарғабайға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі және аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты Айдос Бағдатұлына «Жаңа Қазақстан» Республикалық қоғамдық бірлестігінің «ҚР Мәдениет және өнер саласының үздігі» төсбелгісі табысталды.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Құмкент ауылдық округінің көркемөнерпаздары, жүлделі I орынды Қыземшек кентінің көркемөнерпаздар ұжымы, II  орынды Қарақұр ауылдық округінің көркемөнерпаздары, III  орынды Таукент кентінің көркемөнерпаздар ұжымы, «Теріскей келбеті» арнайы жүлдесін Созақ ауылдық округінің көркемөнерпаздар ұжымы, «Дала әуендері» арнайы жүлдесін Сызған ауылдық округінің көркемөнерпаздар ұжымы иеленді.

Шара соңы аудан өнерпаздары дайындаған Гала-концертке ұласты. Өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, шараға жиналған жұртшылық мәдениет үйінің фоесінде ауданның қолөнер шеберлері дайындаған көрмені тамашалап, ерекше әсерге бөленді.

Айта кету керек, байқаудың мақсаты – ауылдық мәдениет үйлері мен клубтарда халыққа мәдени қызмет көрсету шараларын жақсарту, жұмыс сапасын арттыру, халық шығармашылығын дамыту мен көркемөнерпаздар ұжымдарының өнерлерін жетілдіру.

ПІКІР ЖАЗУ