Түркістан: Шжағажайда қауіпсіздік жұмыстары күшейтілді

Шардара – тек экономикалық емес, туристік әлеуеті жоғары аудан. Сондықтан мұндағы әрбір нысан мен табиғи аймақты тәртіпке келтіру – ортақ міндет. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аймаққа арнайы барып, Шардара жағажайы маңында атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді.
Халықтың жаз мезгілінде жиі демалатын орнына айналған жағажай маңы тазартылды. Қауіпсіздік қызметі күшейтіліп, кезекші құтқарушылар жұмысы жолға қойылды. Суға жақын орналасқан сәкілер толығымен жағалаудан 50 метр қашықтыққа алшақтатылып, суға шомылу аймағында көліктердің қозғалысы шектелді. Бұл шаралар демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жағажай инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған. Қазіргі таңда шомылу аймағы кеңейіп, тазартылып, азаматтарға жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналып отыр.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары жауапты сала өкілдері мен кәсіпкерлерге жағажай демалушыларына қолайлы жағдай жасап, жуынатын орынды, әжетхана мәселесін, тазалық шарасын дұрыс үйлестіруді тапсырды.
Аталған жұмыстар облыс әкімдігінің қатаң бақылауында және жазғы шомылу маусымы бойы үздіксіз мониторинг жүргізіледі.