Түркістан: шекараны заңсыз кесіп өтушілер көбейген

Үкімет жатжұрттықтардың елімізде уақытша және тұрақты тұруына рұқсат беру ережелерін өзгертіп жатыр.

ІІМ басшысы Ержан Саденов 2015 жылғы 4 желтоқсанда сол кездегі Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың №992 бұйрығымен қабылданған және содан бері қолданылып келген “Шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасында уақытша және тұрақты тұруға рұқсаттар беру қағидаларын” өзгертетін жаңа бұйрық шығармақ.

Ведомство бұйрықтың жобасын әзір етті.

ІІМ Көші-қон қызметі комитеті сарапшыларының түсіндіруінше, бұл жаңа бұйрықты қабылдауға, тиісінше, қолданыстағы қағидалардың өзгертілуіне Президенттің “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңға қол қойғаны ықпал етті.

Бұл енді аталған заңды қабылдаған қазіргі Парламент депутаттарының “мұрасы” және солардың арына жүк. Қазақстанды қал-қадари қорғап келген бұл қалқан қиратылып отыр.

Айтқандай, ондай адамдар елге Қазақстанда ресми заңды өкілдері болса ғана жіберіледі. Мұндай жеңілдік ақыры ұлт саулығына соққы болмаса етті. Өйткені кезінде, өткен ғасырдың 80-ші жылдары (1987 жылы) “СПИД” сияқты атын естісе адам шошитын індет Қазақстанда тұңғыш рет африкалық студенттерден және Мәскеуден келген азаматтан анықталғаны мәлім.

Жаңа қағидалар елімізге инвестиция салған, республикада қат, сұранысқа ие кәсіп иесі болып табылатын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат етеді. Биыл Парламент қабылдап, Президент қол қойған, жоғарыда аталған жаңа заң бойынша инвестициялар жөніндегі уәкілетті органның өтінішхатымен Қазақстанға қаржы салғандарға инвесторлық көпреттік виза (алтын виза) беріледі.

Ал еліміз зәру мамандық иелеріне халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін “шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне” сәйкес көп реттік виза ұсынылады.

Сарапшылар бұдан кейін елге айналма жолдармен еңбек мигранттары қаптайды деп алаңдап отыр. Өйткені Ресейде, орталықазиялық елдерде мысалы, айтиші немесе мұғалім дипломын оп-оңай сатып алуға болады. Мұндай фейк қағаздар мигранттарға Қазақстанға еркін кіріп, қалаған жұмысын істеуіне жол ашуы ғажап емес.

 Оның мәліметінше, 2024 жылы еңбек мигранттарына арналған квота заңды тұлғалар, компания-кәсіпорындар үшін – 22 мың бірлікті құрады және 2016 жылдан бері 2,8 есеге қысқартылды.

Шетелден аспаз, бала бағушы, бақшашы, үй күтуші (butler-дворецкий, экономка-housekeeper, горничный, камердинер және басқасын) шетелден алғызатын бай-бағлан жеке тұлғалар үшін – 271,3 мың шетелдікті жалдауға рұқсат таратылған. Бұл 2016 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,5 есеге аз.

ІІМ дерегінше, 2024 жылдың 4 айында Қазақстанға 4,2 миллион шетелдік келді, 4 миллион шетелдік кетті. Яғни, осы кезеңнің өзінде кем дегенде екі жүз мыңдайы тұрақты қалды.

Елге келгендер негізінен Өзбекстан азаматтары – 1,7 миллионы келді, 1,5 миллионы елден кетті.

Екінші орында Қырғызстан азаматтары – 959,3 мыңы елге кірді, 950,6 мыңы шығып кетті.

Үштікті Ресей тұйықтады: жыл басынан бері Қазақстанға 794,8 мың РФ азаматы енген, бұрынғыларын қоса алғанда, 801,8 мыңы өз еліне оралған немесе шетел асқан.

Тәжікстаннан биыл 324,5 мың азаматы келді, 316,8 мыңы кетті.

Ресейлік ақпарат құралдары Мәскеу таяуда келесі мобилизацияны жүргізуі мүмкін деген болжамдарын жариялады.

“Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірге шекара маңындағы өңірлерде – БҚО, СҚО, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе, Атырау және Қостанай облыстарында бақылау күшейтілді. Мемлекеттік шекараны заңсыз өтуге әрекеттенгені үшін ағымдағы жылдың басынан бері 50 шетелдік азамат ұсталды. 24 708 шетелдік азамат әкімшілік жазаға тартылды Бұл 2023 жылғыдан әлдеқайда көп: былтыр әкімшілік жауапкершілік арқалаған шетелдіктердің саны осы кезеңде 15 216 болған. Азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен жыл басынан 104 шетелдік азамат елден аласталды. Жалпы қазіргі таңда шетелдіктердің елге келу жағдайлары бойынша айтарлықтай өсім байқалмайды”, – деді вице-премьер Т.Дүйсенова.

ПІКІР ЖАЗУ