Түркістан: Шардарада тұрғындарды ауыз сумен қамту жұмыстары қатаң бақылауда

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына кезекті рет жұмыс сапарымен барып, ауыз сумен қамту бағытындағы жұмыстарды қадағалады. Шардара қаласының бас су торабында мамандармен кеңесіп, тиісті тапсырмалар берді. Одан кейін жаңа ұңғыма қазу, су тапшылығының алдын алу жұмыстарын көріп, маңызды істің басы-қасында болды.

04.08.2025 жылғы мәлімет бойынша «Шардара» су қоймасындағы судың  көлемі 401 млн. текше метрді құрады (кіріс-144 м3/сек, шығыс-331 м3/сек.). Шардара қаласында 31 883 тұрғын, 6520 абонент, 85 көпқабатты (1687 пәтер) және 4 833 жеке тұрғын үй бар. Жалпы су тасымалдауды 85 көпқабатты үй (6 748 адам) және 64 жеке үй (332 адам) қажет етеді.

«Шардара» су қоймасында су көлемінің азаюына байланысты облыс әкімінің  тапсырмасымен қаланы жедел ауыз сумен қамтамасыз етудің іс-қимыл алгоритмі бекітілген. Алгоритмге сәйкес ауыз су тәуекелдерін басқару бойынша штаб құрылды.

Көпқабатты тұрғын үйлер орналасқан «Абай», «Қызылжар», IV және «Асем-ай» ықшам аудандарына 28 дана (2-тонна) су жинау ыдысы орнатылып, су толтырылды. Бұл ыдыстарды тұрақты ауыз сумен толтыру үшін 10 арнайы су тасымалдайтын көлік жұмылдырылды. Су көзі ретінде «Өтеғұл» шағынауданының бас су торабындағы ұңғыма пайдаланылды. Жекеменшік 3 ұңғыма және су тасымалдайтын 15 көлік иелеріне су бағасын көтермеу түсіндіріліп, келісім түзілді. Құдығы бар үйлерге су тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір айта кетерлігі, қаланың бас су торабын баламалы су көзімен толтыру үшін ұңғыма бұрғылау жұмыстары басталған. Қазіргі таңда бірінші ұңғымадан 84 метрде су шығып, тік құбыр салынды, судың көзін ашу жұмыстары жүріп жатыр. Екінші ұңғыма 30 метрге қазылды, жұмыстар жалғасын табады.

Су қоймада су деңгейінің шамадан тыс төмендеп, бас су торабының І көтеріліміндегі сорғыға қажетті су көлемі жетіспеушілігіне байланысты 630 текше метр су беруге арналған  пантон үстіндегі  насосты қосу шаралары қолға алынды. Оған өңір басшысы, аудан әкімі, жергілікті азаматтар бірлесе атсалысты.

Ауыз су мәселесіне қатысты жауаптылар бекітілген, жағдай тұрақты әрі бақылауда.