Түркістан: секторда көтерілген барлық мәселе бақылауда

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен бүгінгі аппараттық мәжілісте секторларда өткен кездесу қорытындысымен берілген тапсырмалар талданып, орындалу мерзімі белгіленді.

Инфрақұрылым және коммуникациялар бөліміне берілген 57 тапсырманың 28-і ай соңына дейін орындалуы тиіс. Мамандар тарапынан тұрғындармен түсіндіру жұмысын жүргізу нәтижесінде 1 тапсырма бақылаудан алынып, өзге тапсырмалар келесі жылдың жоспарына енгізілді.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне жүктелген 32 тапсырманың 15-ін қараша айының соңына дейін орындау тапсырылып, 17-сі келесі жылға жоспарланды.

Жаңа қала аумағындағы 11-ші көшеде орналасқан көп қабатты тұрғын үй иелері көтерген 13 мәселенің қазіргі таңда 10-ы қалпына келтіріліп, бақылаудан алынды. Қала әкімі жауаптыларға 10-қарашаға дейін жұмысты толық аяқтап, баяндауды ескертті.

Сондай-ақ, мәжіліс барысында секторлардағы жеке қабылдау қорытындысымен берілген 40 тапсырманың 11-і орындалып, 29 тапсырманың атқарылу сатысы баяндалды.

– Кездесу барысында кей тұрғындар жыл басында айтылған өтініштерінің аяқсыз қалғанына шағымданды. Бұл сіздердің кері байланыс жасауда жіберген кемшіліктеріңіз. Бітпей тұрған шаруа жоқ, кезегін күткен мәселелер бар. Елден кемшілік іздемеңіздер, өз қателіктеріңізді түзеңіздер. Халыққа алғыстан басқа айтарым жоқ, сабыр да сақтап, түсіністік те танытып келеді. Тұрғындарға өтініштері бойынша талдап, орындалу сатысы мен мерзімін жасырмай нақты айтсаңыздар, мұндай түсініспеушіліктер болмайды, – деді Нұрбол Әбдісаттарұлы өз сөзінде.

ПІКІР ЖАЗУ