Түркістан сәулетті қалаға айналуда

 Негізінде, сонау өткен жылдардың өзінде ежелгі Түркістан қаласы әуелі «Әзірет Сұлтан» кесенесімен әлемге әйгілі болғаны белгілі. Кеңес жылдарының өзінде қаламызға жан-жақтан келген қонақтар алдымен кесенеге тәу етіп шығатын.

Рухани астана деген атауды ұлықтап жүрген түркістандықтар үшін шағын шаһарымыздың ойламаған жерден облыс орталығына айналып, аз ғана уақыттың ішінде қарқынды жұмыстар жүргізіліп, есімі төрткүл дүниеге таныла бастады. Әсіресе кесенеге зиярат етушілердің нөпірі артқаны айрықша аңғарылады. Расында, «Әзірет Сұлтандай» киелі кесенесімен күллі әлемге танылған, әлем назарын өзіне аударған Түркістанда тәу етер киелі орындар жетерлік. Байқайсыз ба, барлық өңірдің өз мақтанышы, өз кәсібі, қайсыбір салада өз жетістіктері болады. Мәселен, біздің қаламыз туралы  айтыларда немесе жазыларда міндетті түрде оның алдына «қасиетті», «киелі», «тарихи», «ежелгі» деген сөздер жиі қосылады. Мұның өзіндік себебі де бар. Яғни, қасиет пен құт қонған киелі жерлері, тәу етіп кетер қастерлі орындары, ел қорғаған  батырлары мен аңызға арқау болған тұлғалары жерленген тарихи орындары мол, осылайша тарихы тереңде жатқан жәдігер қала болса керек. Иә, бізде киелі орындар өте көп, оған алыс-жақыннан ат арылтып келушілер, яғни туристер нөпірі артуда. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағдарламасына Түркістан облысының өзінен 24 нысан енген екен. Олардың барлығын саяхаттап шығар болсаңыз өңірдің тарихы терең және тылсым екеніне тағы да бір көз жеткізуге болады. Ендеше осынау қасиетке, әр адамға үміт ұялатар сенімге тұнып тұрған мекендер жайлы аз-кем айта кетейік. Айналасына шапағатын тигізіп, мәңгі ел есінде қалған аяулы аналарымызға арналған тарихи ескерткіштің бірі – Түркістан қаласынан Шәуілдірге бағыт алар жолдағы Гаухар ана кесенесі.

…Ел аузында қалған аңызға сүйенсек, Гауһар ана ХІІ ғ. өмір сүрген, ғұлама Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қызы болған. ГауҺар ананың перзенті болмаған, бірақ бойына ерекше емшілік қасиет дарыған жан екен. Соның айғағы ретінде кесене айналасында емдік қасиеті бар су ағады. Дертіне ем іздеп келген, бала көтере алмаған жандар осы киелі мекенді медет етеді. Ниет еткен жанға емі дарып, бойына бала бітіп, асыл арманы орындалған соң, «ол балалар – сенің де балаларың» деген ұғыммен Гауһар АНА деп аталып кеткен деседі. Бүгінде «Әзірет Сұлтан» қорық мұражайының құрамына діни ескерткіш ретінде тізімге алынған. 2014-2015 жылдары осы мұражайдың қолдауымен Гаухар ананың басына кесене тұрғызылды. Бүгінде кесенеге ниет етіп келсеңіз, емге шипа болған суға алыс-жақын жерлерден зиярат етіп келушілерді көптеп кездестіресіз. «Әркімнің өз мақсат-ниеті, тілегі бар. Гауһар анамыз тегін адам болмаған. Қаншама басына тәу етіп келген адамдар шипа судан айығып, балалы болып жатқандар бар. Арасында аяғы ауыр келіншектер келіп сәбиіміз иманды, ниеті түзу, білімді, қадірлі болсын деген сеніммен су ішіп, суына түсіп кетіп жатады»,-дейді сол жердің имамы Оразғали аға. Біз барғанда таң қалдырған нәрсе, ол – мүлгіген тыныштық. Адам қанша көп болғанымен, киелі орынның бір сәтке сенің бойыңа сыйлайтын жан тыныштығы, денең босап, ерекше рухтанып, шынайы демалып қалғаныңды байқайсың. Тылсым күштің барына таңдана да таңырқап қайтасың…

Қызықты мәліметке толы келесі сапарымыз  – Түркістан қаласынан 60 шақырым жерде орналасқан, аңызға сүйенсек дінге беріктік, имандылық, сенім, ержүректік, өжеттік жайлы жырланатын, тылсым табиғатымен өзіне баурайтын Үкаш ата кесенесіне келіп тіреледі. Аты аңызға айналған кесенеге әдемі асфальт жолмен жарты сағатқа жетпей-ақ жетуге болады. Қабір басындағы кесене тарихи-мәдени ескерткіш ретінде мемлекет қарауына алынған. Зиярат етушілерді қарсы алып, әулиеге құран бағыштап, көпшілікпен ғибратты әңгімесімен, аңыз-әфсанамен бөлісіп отырған шырақшы – Шамшиддин Садиллаұлы. «Өздеріңіз естіп келіп отырғандай, халық арасында тараған аңыз-əфсаналарда ислам дінін таратушы тұлға Үкаша баба хз.Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабасы, замандасы, мұcылмандардың əскери қолбасшысы ретінде танымал. Оны ешқандай жау жеңе алмаған, оқ өтпейтін, қылыш кеспейтін, мерген, білекті, көрікті болған деседі. Алайда, жаулары айлалықпен оның әйелін алдап сахабаның осал жерін біліп алыпты. Үкаша ата тек таң намазын жан-тәнімен беріліп оқыған кезде әлсіз болады екен. Оны білген жауыздар Үкаша ата таң намазын оқып отырған сәтте басын қылышпен шауыпты. Алланың құдіретімен жансыз басы періштенің көмегімен екі қырдан асып жоғары қарай домалайды. Сол жер қақ айырылып құдық болып сахабаның басы сол жер асты өзен арқылы Меккеге жетіпті. Әулиенің 23 метрдей жерге қаны шашырап, қаны аяқ асты болмасын деген ниетпен денесімен қоса қаны шашыраған жері көміліп қабірге айналдырылған. Бүгінде бұл жер түркі жұртының мінәжат ететін орнына айналған. Үкаша ата құдығына келер болсақ, зиярат етушілердің көбісі құдықтан су шықпаса, күнәсі болғаннан деп түсінеді, ал тағдырындағы жақсылықты я болмаса сәтсіздіктерді құдықпен байланыстырады. Олай қате түсінуге болмайды. Несібе-ризық Алладан екенін естен шығармаңыздар!» , дейді шырақшы…

Бабтардың бабы – Арыстан баб кесенесі жайлы айтпай кетпеуге болмас. Деректерден білуімізше, Арыстан баб ұлы ғұлама Қожа Ахмет Яссауиге 16 жыл ұстаз болған. Қожа Ахмет Ясауи өз «Хикметтерінде» Арыстан бабты ұстаз ретінде қадірлейтінін атайды. Арыстан баб ХІІ ғасырда Отырар маңында өмір сүрген, дүние жүзіне көптеген саяхаттар жасаған. Ол әртүрлі діни ағымдарды зерттеген. Саналы ғұмырын сопылық мағынадағы исламды уағыздауға арнайды. Ахмет Ясауи өзінің «Диуани Хикмет» кітабының тоқсаныншы тарауында Арыстан баб уағыздары туралы жазады. Аңыз бойынша Арыстан баб 400 жыл өмір сүріп Мұхаммед Пайғамбардың серіктесі болған деседі. Пайғамбар «400 жылдан кейін Ахмет есімді мұсылман дүниеге келетіні және аманат ретінде оған оның табағынан құрманы беру қажеттілігі» жайлы айтып кеткен. Арыстан баб аманатты орындауға өзі тіленіп шығады да «Егер Алладан 400 жыл ғұмыр сұрап берсеңіз, мен құрманы апарып берем» деген екен. Ол уәдесін орындап, Қожа Ахмет Ясауиге Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардан қалған құрманы сақтап жеткізген екен. Қожа Ахмет Ясауи 23 жасқа толғанда ұстазы Арыстан баб дүниеден өтіп, Отырар маңына жерленеді. Ескерткіш неше рет құлап, қайта тұрғызылып, күрделі жөндеулерден өтеді. 1909 жылы көне кесененің орнына жаңа мешіт пен кесене бой көтереді. Ескерткіш барша мұсылмандардың ғибадат ету орнына айналады. Қазіргі кезде Арыстан баб мазарының үстінде алаңы 35х12 метр кесене тұр. Ол күйдірілген кірпіштен қаланған. Ғимарат үлкен күмбезді дәлізбен біріктірілген екі камералы қабірден және бата оқитын мешіттен тұрады.

Еліміздің тарихы терең туризм орталығы саналатын Түркістанның саяхаттаушыларды көптеп тартуға мүмкіндігі айрықша деуге болады. Өйткені қаламыз халықаралық көлік магистраль желісінде орналасқан. Теміржол, көлік жол қатынастары біртіндеп реттелуде. Облыс орталығы атанған қаланың инфрақұрылымына басты назар аударылуда. Жол мәселесі қашаннан келе жатқан түйткілді мәселелердің бірі екені белгілі. Десе де ауылдан ат арылтып келетін ағайынның да, күнделікті бір жолмен жүріп өтетін жолаушының да тілейтіні жолдың жақсы болуы, жол жақсы болса межелі жеріне аман-есен жетіп алуы. Ал енді осы аталған мәселелер бұрын күрделі болса, бүгінде біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Оның дәлелі қаламыздағы салынып жатқан даңғыл жолдар. Бұрынырақта қаланың шеткері жақтарына жолың түскенде аяқ-киіміңнің лай болатыны немесе көлігіңнің батпаққа бататыны мезі етсе, қазір ондай мәселелер жоқ. Қайда барсаң даңғыраған даңғыл жол, жиілеген бағдаршам. Сондай-ақ, қалада түрлі қонақ үйлер, мәдени-тарихи ошақтар, түрлі ғимараттар мен театрлар т.б. салынды. Қарқынды құрылысқа республикамыздың облыс, аудандары ат салысуда. Қысқасы, тәулік сайын түрленіп жатқан Түркістанда қуанышпен жеткізер жаңалықтар өте көп. Бүгінде елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көріп жатқан шаһар халқы осынау орасан өзгерістерге куә.

Міне, жылға жуық уақыт ішінде осы секілді көптеген берекелі істердің атқарылып жатқанына қала тұрғындары күн сайын куә және де киелі қаланың дамуына бүкіл әлемнің көз тігіп отырғаны аян.

Тарихы терең, хас батырлар мен ұлы тұлғалар шыққан қасиетті топырақ, жылдар бойы рухани астана атанып келген киелі өңір осынау орасан облыс орталығы атануға, қазақ ордасына айналуға әбден лайықты болса керек…

ПІКІР ЖАЗУ