Түркістан: Сайрамда жаңа нысандар салынады

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сайрам ауданына іссапармен келіп, бірқатар нысанды аралады. Сапар барысында аудан әкімі Арман Сәбитов  Қарасу ауылдық округіндегі 57 га жер теліміне салынатын егжей-тегжейлі жоспарлау жобасымен таныстырды.

Бұл жаңа мөлтек ауданда алдағы уақытта 49 дана 5 қабатты (2940 пәтер) тұрғын үй, әкімшілік ғимараты, мешіт, мәдениет үйі, жастар сарайы, қазандық, сауда үйі, 280 орындық балабақша, 600 орындық мектеп, 7 коммерциялық нысан мен саябақ салынбақ.

Сондай-ақ облыстық маңызы бар КХ-3 «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автомобиль жолының 25,5-33,8 шақырымына  (8,3 шқ) жөндеу жұмыстары және темір жолдың үстіндегі көпірге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Яғни жобалық-сметалық құжаттамаға тиісті өзгерістер енгізілсе, Ақсукент-2 елді мекені аралығындағы жол барынша кеңеймек. Аталған жолда күніне 10 мыңнан аса автокөлік өтеді. Бұл өзекті мәселені шешудің жолы темір жолдың үстінде салынатын жеңіл көлікке арналған көпір. 

Келесі кезек Ақсу ауылындағы 230 га жер теліміне салынатын құрылыс нысанына бағытталды. Жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында 181 дана 5 қабатты (6420) пәтер тұрғын үй және әкімшілік ғимараттар, білім, мәдениет, спорт, денсаулық және т.б нысандар салу жоспарлануда.

Салынатын нысандардың сәулеттік үлгілері талқыланды. Сондай-ақ инфрақұрылымдық жүйелерін жоспарға сәйкес жүргізу керектігі тапсырылды.

ПІКІР ЖАЗУ