Түркістан: отбасын қолдау орталықтарында жыл басынан бері 4 мыңнан астам қызмет көрсетілген

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өңірлердің барлық аудан, қалаларында жеке «Отбасын қолдау орталығы» КММ-дерін ашу туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Түркістан облысына қарасты барлық аудан, қалаларда өмірлік қиын жағдайға ұшыраған адамдар мен отбасыларға жан-жақты қолдау көрсететін 17 орталық ашылды. Аталған орталықтардың қызметі Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен жиында пысықталды.

Жиында Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға жұмысты жандандыру бойынша тапсырмалар міндеттеді.

– Аудан, қалалардағы отбасы қолдау орталықтарын жеке ғимаратпен қамтамасыз етіп, олардың материалдық-техникалық базаларын жасақтаңыздар. Тұрмыстық ауыр жағдайға түскен отбасыларға жан-жақты сүйемелдеу көмегін көрсетіп, қоғамға толыққанды мүшесі ретінде қайта оралуын қамтамасыз ету жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырамын. Мобильді топтардың жұмысын жандандырыңыздар, – деген аймақ басшысы тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған аудан, қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларының тәртіптік жауапкершіліктері қаралатынын ескертті.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мирова Түркістан облысындағы Отбасын қолдау орталықтарының қызметі туралы есеп берді. Оның мәлімдеуінше, жыл басынан орталықтарға 4782 өтініш түсіп, мемлекеттік органдардан 426 сигнал тіркелген. Өтініштер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, психолог, заңгер және әлеуметтік қызметкер тарапынан 4033 түрлі қызмет көрсетілген.

Облыс әкімінің тапсырмасымен бірқатар орталықта тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бар адамдарға бір айға дейінгі мерзімге уақытша тұру мүмкіндігін беретін жатын орындар ұйымдастырылған. Дегенмен кейбір аудан, қалаларда жатын орындар қарастырылмаған.

Биыл орталықтардың жұмысын цифрлық платформаға ауыстыру бойынша FSM Social мобильді қосымша іске қосылды. Мобильді қосымша өмірлік қиын жағдайдағы адамдарға, отбасыларға қолдау көрсету процестерін автоматтандыруға бағытталған. Жүйе арқылы сигнал беру және цифрлық құралдарды қолдану көмекке мұқтаж адамды ерте анықтауға, оған жан-жақты қолдау шараларын жедел түрде көрсетуге және бекітілген жеке жоспарлық іс-шаралардың орындалуын қадағалауға толық мүмкіндік берді.

Барлық аудан, қалаларда мобильдік топтар жұмыс істейді. Жұмысшы топтардың құрамында әлеуметтік қамсыздандыру саласының мамандарынан бөлек, ішкі істер, білім, денсаулық сақтау, қорғаншылық қызметінен 5 мыңға жуық маман бар.