Түркістан: Ордабасыда «Алтын күз -2023» мерекесі аталып өтті

Бүгін Ордабасы ауданының орталығы – Темірланда ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің «Алтын күз – 2023» мерекесі салтанатты түрде аталып өтті.

Мерекелік іс-шарада ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген кәсіп иелері азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесінде өз өнімдерін ұсынып, асыл тұқымды малдардың және агросекторға қажетті жаңа техникалардың көрмесін ұйымдастырды.

«Алтын күз – 2023» мерекесіне орай ұйымдастырылған шарада аудан әкімі Азат Оралбаев барша ауыл шаруашылық саласының еңбек адамдарын мерейлі мерекемен құттықтап, ауданның осы саладағы жетістіктеріне тоқталып өтті. Жыл бойы адал еңбегімен өз саласында жетістікке жеткен, мол өнім алып, ауылдастарға үлгі болған үздік шаруа қожалықтарын, ауыл окуг әкімдіктерін, үздік ауыл шаруашылық мамандарын марапаттады. Агро және мал шаруашылығы саласындағы тың жобалардың жұмысына сәттілік тіледі.

Жиын аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының қойған концерттік бағдарламасына ұласты. Сонымен қатар Орталық алаңда киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрінен ойындар көрсетілді.

Бірлік пен татулық мекені – Ордабасы өңірі – ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан аграрлы аудан. Ауданның аталған саласындағы жетістігі – шаруалардың адал әрі тынымсыз еңбегінің, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың жемісі.

Айта кетейік, ауданда егістік жерлерді тиімді пайдалану мақсатында 1 алқаптан жылына 2-3 рет өнім алу жобасы қолға алынуда. Биыл аудан аумағындағы 409 гектар жерге 141 шаруа қожалығы өнімдерін егіп, нәтижесінде, бірінші терімнен 9 854,5 тонна, екінші терімнен 6 698,2 тонна өнім жиналды.

Сондай-ақ жыл басынан бері 12,3 гектар жерге жылыжай құрылысы жүргізіліп, аудандағы жалпы жылыжайдың көлемі 105,9 гектарды құрады. Ол алқаптардан 12 700 тонна өнім жиналып, 100 тонна қияр Ресей еліне экспортталды.

Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асып жатқан ауыл халқының әлеуетін арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасының аудандағы көрсеткіші жақсы. Аудан бойынша жоба аясында скрининг жұмыстары жүргізіліп, «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының І кезеңіне Бадам және Шұбар ауылдық округтері енсе, ІІ кезеңіне Қараспан және Бөржар ауылдық округтері енгізілді. Жобаны іске асыратын 4 ауылдық округтен 8 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.

Ағын суды тиімді пайдалану бойынша ауданда биыл 1 031 гектар егістік алқапқа жаңбырлатып суғару әдісі ендіріліп, заманауи 115 бірлік техника сатып алынды.

ПІКІР ЖАЗУ