Түркістан: ономастика бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Алматы облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен Қонаев қаласында «Өңірлік ономастиканың өзекті мәселелері» атты республикалық семинар өтті. Аталған басқосуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары, облыстық ономастика комиссиясының төрағасы Бейсен Тәжібаев баяндама жасап, 2020-2023 жылдары облыстық ономастика комиссиясының отырысында 1 ауданға, 21 елді мекенге, 54 нысанға, 1 көлге және 186 көшеге атау беру және қайта атау туралы қаралған ұсыныстарға тоқталды.
– Ономастика – тарихымызды қайта жаңғыртатын күрделі сала. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі әзірлеген «Тарихи тұлғалар», «Тарихи жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін жұмыс барысында басшылыққа алуды насихаттау мақсатында «Ономастика: зерттеу және тәжірибе» атты көшпелі семинарлар аудан, қалаларда өткізілді. Идеологиялық тұрғыда ескірген атауларды ауыстыру немесе жаңадан атау беру мәселелерін зерделеп, осы бағыттағы жұмыстарды кезең-кезеңімен атқарып келеміз. Түркістан өңірінде ұлтымыздың тарихында өшпес із қалдырған, ұмыт бола бастаған ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет, сондай-ақ түрлі саладағы қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалары да аз емес. Бұл мәселеде «Тарихи тұлғалар» тізімін қалыптастыру барысында өңірдің ерекшеліктерін ескеру қажет деп есептеймін, – деген облыс әкімінің орынбасары жауапты министрлікке өз ұсынысын жеткізе кетті.
– Бізде қазір көптеген жекеменшік білім беру ұйымы ашылып жатыр. Биылдың өзінде Түркістан облысында 120-дан асты. Алайда осы білім беру ұйымдарының атауларын жеке кәсіпкердің инвесторлық жобасы ретінде ғана тіркеп, солай өткізуде. Инвестор өзі ашқан нысанға қалаған атты қойып жатыр. Еліміздің барлық өңірінде осы мәселе бар. Идеологиялық мәні жоқ атаулар қойылып кетуде. Бұл – дұрыс емес. Алдағы уақытта осы Заңға өзгеріс енгізіп, білім беру ұйымдары мен қызмет көрсететін қоғамдық ұйымдардың атауларын міндетті түрде ономастикалық комиссияның келісімімен мақұлдауды міндеттеу керек, – деді ол.
Семинарға Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті ономастикалық жұмыс басқармасының басшысы, Жамбыл, Абай, Жетісу облыстары мен Алматы қаласы әкімдіктеріндегі тілдерді дамыту басқармасының басшылары мен ономастика бөлімдерінің жауапты мамандары қатысты. Іс-шараға қатысушылар түрлі тақырыпта пікір алмасып, ономастика саласының алда тұрған міндеттерін талқылады.
Айта кетейік, Түркістан облысында 17 аудан, қала, 181 ауылдық округ, 824 елді мекен, 10130 көше, 1032 мектеп бар. Өңірде жаңадан құрылған 1 ауданға атау беріліп, идеологиялық тұрғыдан ескірген 15 елді мекен атауы қайта аталды. Атауы жоқ және өзгертуді қажет ететін 5 елді мекенге атау беріліп, 1 елді мекеннің атауы тарихи жер-су атауымен қайта атау үшін кері қайтарылды. Сондай-ақ өңірде атауы өзгертуді қажет ететін Шошқакөл көлі – Жетікөл болып қайта аталды. Жол картасында көрсетілген 16 елді мекеннің 15-інің, 17 көшенің 10-ы, 1 мектептің атауы «Тарихи тұлғалар» және «Тарихи жер-су» атауларымен алмастырылды. Өңірде атауы өзгертілетін немесе атау берілетін объектілер мен ауыл, көшелерге талдау жүргізіліп, нәтижесінде келесі жылы осы бағытта жұмысты қажет ететін 5 елді мекеннің, 107 көшенің атауы анықталып отыр.