Түркістан облысының спортшылары «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарына дайындықты күшейтті

Түркістан облысында бұқаралық және ұлттық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте ұлттық спорт түрлері бойынша өтетін іс-шаралар сараланып, «Ақ бидай» республикалық VIII ауыл спорты ойындарына Түркістан облысы құрамасының дайындығы кеңінен талқыланды.

Жиын барысында Ертай Кенжебекұлы Мемлекет басшысының ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

– Қыркүйек айында Алматы облысында «Ақ бидай – 2025» VIII республикалық ауыл спорт ойындары өтеді. Түркістан облысы алдыңғы VII ауыл ойындарында жеңімпаз атанған. Бұл жолы да сол мәртебені сақтау үшін дайындықты күшейту қажет. Бұл жұмыстардың орындалуы бақылауда болады, – деген облыс әкімінің орынбасары жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.

Сонымен қатар мәжілісте шағын футбол, волейбол, гір көтеру және «Толағай» алыптар сайысы бойынша іріктеу жарыстарын ұйымдастыру мәселелері де қозғалды.

Айта кетейік, 2021 жылы  Ақтауда «Ақ бидай» республикалық VII ауыл спорты ойындары өтіп, кіл мықтылар анықталған болатын.  Халықаралық  деңгейлерге  сай  бой  түзеген спорт  кешендерінде  республикамыздың  түкпір-түкпірінен келген спортшы  ұл-қыздар  бақтарын  сынады. Нәтижесінде 195 ұпай  жинаған Түркістан  облысының өрендері командалық  есепте  бас  жүлдені  иеленді. Облыс спортшылары сол жетістікті қайталауды көздеп отыр.