Түркістан облысының Полиция департаментінде жедел-қызметтің нәтижелері талқыланды

Түркістан облысының Полиция департаментінде маңызды кеңес өтті, онда жедел қызметтің қорытындылары талқыланып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды. Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың төрағалығымен өткен іс-шараға аппарат басшылығы және аудандық басқарма, бөлім басшылары қатысты.

Кеңес барысында бірқатар басшылардың баяндамалары тыңдалып, облыстағы криминогендік жағдайдың жай-күйінің өзекті мәселелері, есірткінің заңсыз айналымы, интернет-алаяқтық, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстардың ашылуы мен тергелуі қаралды.

Сондай-ақ кеңесте облыстық және республикалық маңызы бар жолдардағы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, көлік тәртібі мәселелеріне, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласына заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге және жолдардағы апат пен өлімнің негізгі себептерін жоюға бағытталған шараларға ерекше назар аударылды.

Облыстың бас полицейі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. “Заң және тәртіп” қағидаты шеңберінде басым міндеттер айқындалды, олардың ішінде “Таза Қазақстан” акциясын іске асыру, интернет-алаяқтықтың және басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі шараларды күшейту, жолдардағы апаттылықты азайту, ақпараттық жадынамалар тапсыра отырып, түсіндіру жұмыстарын және халықпен кездесулер өткізу.

Кеңес соңында Мұрат Қабденов қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындаудың және тиісті бөлімшелердің жұмысындағы кемшіліктерді жоюдың маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу, полиция қызметін одан әрі цифрландыру, кадрлық әлеуетті жетілдіру және қызмет атқару кезінде жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты сақтау, азаматтардың полицияға деген сенімін арттыру жөніндегі шараларды жандандыруды тапсырды.