Түркістан облысының полиция департаментінде нашақорлыққа қарсы ауқымды жиын өтті

Түркістан облысының полиция департаментінде нашақорлыққа қарсы ауқымды жиын өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz. Республика бойынша бір айға жоспарланған нашақорлыққа қарсы іс-шаралар науқанына орай, Түркістан облысы полиция департаментінің мәжіліс залында ауқымды жиналыс ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев төрағалық еткен іс-шараға ПД бастығының орынбасары Қ. Сахов, өңірлік ведомствоаралық штаб отырысының мүшелері, құқық қорғау органдары мен тиісті сала басшылары, барлық аудандардың әкім орынбасарлары және жеке құрам қатысты.

Күн тәртібінде нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалуы бойынша жұмыстар сараланып, талқыланды. Облыстық қоғамдық даму, денсаулық басқармасы басшылығы баяндама жасады. Есірткі қылмысына қарсы ісқимыл басқармасының бастығы А. Бурханов  2024 жылдың 4 айында атқарылған жұмыс қорытындысын мәлімдеді. Жиналғандар облыс жастары мен балалар арасындағы есірткіге қарсы иммунитетті қалыптастыру мақсатындағы шараның маңыздылығына тоқталды.

Денсаулығы мықты, барлық жағынан дамыған ел атану жолында бірлесіп, жұмыс жасауға уағдаласты. Облыста 2024 жылдың 4 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 280-ге жуық дерек анықталған. Оның ішінде есірткі сатудың 18 дерегі, есірткіні контрабандалық жолмен тасымалдаудың 84 дерегі бар. Заңсыз айналымнан 190 келіден астам есірткі тәркіленсе, есірткіні жарнамалаған 70 ақпараттық сайт бұғатталған. Іс-шара соңында қатысушыларға нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы кешенді жоспарды жүйелі іске асырып, синтетикалық есірткінің таралуына қарсы іс-қимылды күшейту бойынша тапсырмалар берілді.

ПІКІР ЖАЗУ