Түркістан облысының полицейлері демалушыларға суға түсу ережелерін түсіндірді
Жаз мезгілі келіп, күн ысыған сайын өзен-көлдер мен каналдарға, демалыс орындарына барып суға түсушілер саны артады. Шомылу маусымы басталғаннан бері полиция қызметкерлерінің де жұмысы арта түсті.
Осы тұста Шардара ауданының полиция қызметкерлерімен рейдтік-профилактикалық шаралар жүргізілді. Қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында белгіленбеген орындарда азаматтар мен жасөспірімдердің шомылуына тыйым салынды.
Сонымен қатар суда шомылу мен алғашқы көмек көрсету ережелері таныстырылды. Облыс полицейлері кез келген су арықтарына, өзен-көлдерге, яғни белгіленбеген орындарға суға түспеуге шақырады. Өзіңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар деп ескертеді.