Түркістан облысының полицейлері 27 000-нан астам құқық бұзушылықты анықтады
“Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының полицейлері қоғамда кез келген құқық бұзушылыққа “нөлдік төзімділікті” қалыптастыруға, “Заң және тәртіп” қағидатын сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға бағытталған профилактикалық іс-шараларды тұрақты жүргізіп келеді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысы Полиция департаментінің қалалық және аудандық бөлімдерінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу, жалпы пайдалану орындарын ластау, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастайтын немесе ағынды суларды төгетін адамдарды анықтау бойынша жұмыс атқаруда.
Нәтижесінде тәртіп сақшылары 27 000-нан астам құқық бұзушыны жауапқа тартты. Оның ішінде абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін 6314, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін – 16731 және жолдарды ластаған 4155 бұзушыға қатысты тиісті шаралар қабылданып, хаттама толтырылды.
Сонымен қатар полицейлер жергілікті атқарушы органдармен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, абаттандыру ережелерін бұзуға, жасыл желектерді зақымдауға және қоршаған ортаны қорғау қажеттілігіне жол бермеу туралы халыққа түсіндірме жүргізуде.
Өз кезегінде полиция қызметкерлері бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Сондай-ақ азаматтарды өз қалаларын және туған өлкелерін абаттандыруға өз үлестерін қосуға шақырды.