Түркістан облысындағы шекаралас аумақ Жібек жолы ауылында полицияның жаңа нысаны бой көтеруде

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Жібек-Жолы ауылында халық көп шоғырланған. Бір ғана ауылдың өзінде 23 мыңнан астам тұрғын тұрады. Әрі бұл аумақ Өзбекстан елімен шектесіп жатыр, сауда саттық пен қарым қатынас жақсы дамығандықтан шекарадан тәулігіне 30 000 адам мен 1000 автокөлік кіріп шығады.

Сонымен қатар аталған аумақта қылмыс пен құқық бұзушылықтарды азайту, алдын алу мақсатында және стратегиялық тұрғыда жан-жақты ахуал талдана отырып, осы шекаралас ауылға Полицияның күштік құрылымына қосымша ғимарат салу жоспарланған.

Сол ғимараттың құрылысы басталуына байланысты Түркістан облысының бас полицейі Мұрат Қабденов пен Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев іссапармен барды. Олар құрылысы қарқынды жүріп жатқан нысанның жобасын талқылап, өз мерзімінде аяқтау мәселесіне мән берді.

Сапар барысында басшы құрамдар Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің ғимаратына да ат басын бұрды. Полиция қызметкерлерінің жұмыс кабинеттерін аралап, күрделі жөндеуден өткізу барысын талқылады. Қару жарақтың сақталу орны, тәулікке түсетін кезекшілер мен бейнекамераларды бақылау жұмыстары да назардан тыс қалмады.

Облыстық полиция департаментінің бастығы М.Қабденов “Полиция- халықтың тыныштығын күзетуде әрқашанда алдыңғы орында болуы тиіс. Бүгінде аталған сала мамандарына деген талап пен жауапкершілік жоғары. Ал мамандардан сапалы қызметті талап етер болсақ, онда тиісінше жұмыс орнын соған қолайлы етіп жасақтау қажет. Бейнекамераларды қарап, экипаждарды оқиға орнына бағыттау үшін құрал-саймандар сақадай сай болуы міндетті. Осының барлығын ескеріп жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен талапқа сай жаңа нысанға қол жеткізгелі отырмыз. Ендеше кемшілікке жол бермейік! Қызметімізді одан әрі жалғастырамыз!”- деп атап өтті.

Өз кезегінде аудандық полиция бөлімінің басшысы Есенғали Бейсебаев пен жеке құрам жүктелген міндет пен берілген тапсырманы сапалы атқарып, сенімнен шығуға уәде етті.

Түркістан облысы ПД баспасөз қызметі

 

ПІКІР ЖАЗУ