Түркістан облысындағы ең өзекті мәселелер талқыланды
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының отырысы өтті. Мәжілісте өңірдегі маңызды мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, облыстағы қоғамдық-саяси ахуал, конго-қырым қызбасының алдын-алу шаралары және шаруаларды ағын сумен қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Сонымен бірге кәмелетке толмағандармен және оларға қарсы жасалған құқық бұзушылықтар, шомылу маусымында судағы қауіпсіздік шаралары және орман, дала өрттерімен күрес және олардың алдын алу жұмыстарының барысы туралы жауапты басшылардың есептері тыңдалды. Өңір басшысы тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керектігін, әрбір мекеме өзіне жүктелген міндетті сапалы орындауы тиіс екенін айтты.
– Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты бақылауда болуы тиіс. Тұрғындардың өтініш-тілектері, көтерілген мәселелер бойынша әкімдіктер, басқармалар жедел әрекет етулері керек. Ағын сумен, ауыз сумен қамту бойынша нақты жұмыстар жалғасқаны жөн. Дала өрттерінің алдын алу, суға шомылуда қауіпсіздікті сақтау, балалардың қауіпсіздігін қорғау бағытындағы жұмыстар да жүйелі атқарылуы қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің орынбасарлары Бейсен Тәжібаев пен Ермек Кенжеханұлы өз салалары бойынша баяндама жасады. Жаңа оқу жылына дайындық, мектептерді асханамен қамту, шаруаларға ағын су жеткізу, жайылым жер мәселесі, жер дауы және өзге де түйткілдер тарқатылды. Шаруаларды ағын сумен қамту және вегетациялық маусымға дайындық деңгейі бойынша Жетісай мен Мақтаарал ауданы әкімдері есеп берсе, конго-қырым қызбасының алдын-алу шаралары жөнінде Төлеби мен Сауран ауданы әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.
Жалпы 2023 жылға Жетісай ауданының егістік алқаптарына 663 млн.м3 ағын су лимиті бекітілген болса, бүгінгі күнге дейін нақты алынған су көлемі – 316,013 млн м3. Мақтааралда да мәселе бар. Аталған түйткілдер бойынша жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыс істеу жөнінде тапсырма берілді.
Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Нұрғали Жүнісовтің айтуынша, облыс аумағында суға түсуге рұқсат етілмеген орындарда департаментпен және аудандық, қалалық әкімдіктермен бірлесіп тиісті іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Департаменттің аудандық, қалалық ТЖ бөлімдері мен басқармалары тарапынан 2624 қызметкер тартыла отырып, 1172 рейд ұйымдастырылды Нәтижесінде құзырлы органдар арқылы 141 жеке тұлғаға 1 725 000 теңге айыппұл салынды. Адамдардың суға кетуінің алдын алу және болдырмау мақсатында жұмыспен қамту орталықтары арқылы 43 адам жұмысқа қабылданып, ТЖ департаментінен даярлықтан өткізілді. Бұл азаматтар судағы және өрт қауіпсіздігі бойынша жұмыс істеуде. Қазығұрт, Созақ, Ордабасы, Келес, Сарыағаш аудандарында аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойларына өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары атқарылған.
Ал Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін сақтау бағытындағы жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, Ішкі істер министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын» әзірлеген. Аталған бағытта Полиция департаменті бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Атап айтқанда, полиция қызметкерлері мен жастар арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында Полиция департаменті мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ арасында меморандумға қол қойылды. «Отан қорғаушылар» күніне орай, жас сақшыларға экскурсия ұйымдастырылған.
Кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында, полиция қызметкерлерімен ұдайы түрде түнгі рейдтер мен «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар» және «Жасөспірім және жауапкершілік» атты жедел профилактикалық іс-шаралары өткізілуде. Облыста 800 мыңға жуық кәмелетке толмағандар бар. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі аймақтық учаскелік инспекторлары саны –167.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде құқық бұзушылыққа бейім 413 кәмелетке толмаған және бала тәрбиесіне немқұрайлы қарайтын 266 қолайсыз отбасы полицияның есебіне алынды. Ата-ана бақылауынсыз жүрген 44 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды. Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған 157 жасөспірімнің ата-аналары мен заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Мәжілісте балалардың құқығын қорғау, білім ұяларында құқықбұзушылықтың алдын алу бойынша дәрістер өткізу және өзге де ұсыныстар беріліп, хаттамаға енгізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі