Түркістан облысында зоотехник мамандығы қайта жаңғырды
Түркістан облысында өңір басшысы Дархан Сатыбалдының қолдауымен алғаш рет зоотехник мамандығын жаңғырту мақсатында тиісті жұмыстар қолға алынды. Облыс әкімінің тапсырмасымен өңірдегі 4 ауданға зоотехник мамандары бекітілген болатын. Алғаш рет қолға алынып отырған бұл іс сәтті жүзеге асса, алдағы уақытта облыстың барлық аудан, қалалаларында ветеринария саласын зоотехник мамандарымен толықтыру жоспарланып отыр. Олар мал басының көбеюі мен өнімдіглігін қадағалайды.
«Ветеринариялық қызмет» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны Бәйдібек аудандық филиалының зоотехнигі Бақытжан Керімжанов аталған мамандықтың маңыздылығына тоқталып, жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
– Көптен бері біздің аңсап жүрген жұмыс қайта орнына келе бастады. Мал шаруашылығын кәсіп еткен тұрғындардың барлығы бұл істің қолға алғанына ризашылығын білдіріп жатыр. Оның бастамашысы болған облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға рахмет. Ақпан айында осы қызметке тағайындалдым. Осы міндетке кіріскен бойда аудан көлемінде 4 рет семинар өткіздім. Содан бері ауыл шаруаларымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Зоотехник – шаруалар ісін ілгерілетуге нағыз керек маман, – деді зоотехник.
Биыл Түркістан обысындағы 4 ауданда зоотехник мамандығы ашылды. Қазіргі уақытта мамандар Бәйдібек, Сарыағаш, Сайрам, Отырар аудандарында жұмыс істеп жатыр. Олар шаруа қожалықтарын аралап, семинарлар өткізу жұмыстарын қолға алды. Техник-ұрықтандырушылар мал өнімдерін өндіру технологиясын және жергілікті жердің табиғи-экономикалық жағдайын жетік меңгерген зоотехник мамандарының сүйемелдеуімен 3 айлық оқу курстарынан дәріс алып, мемлекеттік тіркеуден өтуде. Шаруалар малды асылдандырудың қыр-сырын үйреніп, мал басын көбейту, қолдан ұрықтандыру тәсілдерін жетік меңігеріп жатыр.
Осы бағытта талай жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұжымның бірі Бәйдібек ауданының Мыңбұлақ округіне қарасты Мәдениет елді мекеніндегі «Әділет» шаруа қожалығы. 2002 жылы құрылған қожалық асыл тұқтымды мал шаруашылығын дамытуда «қолдан ұрықтандыру» тәсілімен жұмыс жүргізіп келеді. Шаруашылықтағы асыл тұқымды төлдерге сұраныс жоғары.
Зоотехникалық жұмыстардың қайта жанданып келе жатқаны шаруалардың қолдауына ие болуда.
Айта кетейік, Түркістан облысы – аграрлық өңір. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада алдыңғы орында. Экспортқа жөнелтілген ірі қара мал етінің үлесі 85 пайызды, ұсақ мал – 60 пайызды құрайды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі